KZ
Өскемен
+14°
пасмурно жел 2 м/с, З
481.63 534.46 5.28

Париж-2024: Шығыстың қоржынында қанша жолдама бар?

Фото: ашық дереккөзден

15.04.2024, 10:32 151 ALTAINEWS

Миллиондаған жанкүйер асыға күткен Париж Олимпиадасының ашылуына да төрт айдан сәл кем уақыт қана қалды. Шығысқазақстандықтар да төрт жылда бір келетін аламанды асыға күтуде. Әзірге Олимпиада жолдамасына Кенді Алтайдың төрт спортшысы ие болып үлгерді.

Франция астанасына баратындардың қатарында еркін күрес шебері Азамат Дәулетбеков те бар. 86 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін шығысқазақстандық балуанға жанкүйерлері зор үміт артып отыр. Екі бірдей Әлем чемпионатында қолаға қол созған, Азия чемпионаты мен өзге де дүбірлі додаларда сан мәрте жүлдегер атанған Азамат осы жолы қалайда бір медаль алады деген сенімде жерлестері.

Ал таэквондошы Батырхан Төлеуғалидің есімі әзірге кеңінен таныла қойған жоқ. Соған қарамастан, ол да Париж төрінде өнер көрсетуге лайық деп танылды.

Жақында ғана Қазақстанның төрт бірдей семсерлесушісі Әлем чемпионатында үшінші орынды жеңіп алып, айды аспанға шығарды. Төртеуі де Парижге жолдама алды. Бұрындары біздің құрама командалық есепте мұндай жетістікке жетіп көрмеген.

Шығыс Қазақстан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы, кикбоксингтен Әлемнің бес дүркін чемпионы Асқар Можановтың айтуынша, құрама сапында жетістікке жеткен Руслан Құрбанов пен Вадим Шарлаимов – осыған дейін де әлемдік додалардан құрқол қайтпаған сақа семсерлесушілер. Демек, алдағы Олимпиада ойындарында да жерлестеріміздің үздіктер қатарынан көрінуіне мүмкіндігі мол. Тек жеңіс үшін аянып қалмай, бар күш-жігерін салуы керек.

Сонымен, қолда төрт жолдама бар. Әрине, экономикасы мен спорты дамыған Шығыс үшін бұл анау айтқандай жетістік емес. Бұрындары Олимпиада ойындарының чемпиондары, хоккейші Борис Александров пен жеңіл атлет Ольга Рыпакова, конькимен жүгіруден Әлем чемпионы Владимир Козлов, Әлем рекордын орнатқан Константин Коротков, шаңғымен жүгіруден жастар арасындағы екі бірдей Әлем чемпионатының жеңімпазы Қалихан Ноғамбаев сияқты саңлақтарды тәрбиелеген өңірден алдағы уақытта да ел намысын абыроймен қорғайтын спортшылар шығады деген сенім мол.

– Алдағы жарыстарда алты спортшымыз Олимпиада жолдамасы үшін талас жүргізетін болады. Жеңіл атлеттер Жанна Мамажанова, Надежда Дубовицкая, Галина Якушева, Дэйзи Джепкемей, Нора Джеруто, байдарка мен каноэде ескек есуші Маргарита Торлопова шешуші сынақтарда бар шеберлігін көрсетуге тиіс. Сонымен бірге, суда жүзуші Нұрәлі Советханов пен ат спортының шебері Елена Шишаева да Олимпиада жолдамаларына қол жеткізуі мүмкін, – дейді облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Серік Құсымбаев.


Оңдасын Елубай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив