Токио Олимпиадасында кімге үміт артамыз?
Тышқан жылын спорт жанкүйерлері де асыға күтуде. Себебі, 2020 жылы төрткүл дүние көз тігетін бір емес, бірнеше дүбірлі дода жалауын желбіретпек. Әлбетте, олардың арасында Токиода өтетін ХХХ жазғы Олимпиада ойындарының шоқтығы биік.
Шығысқазақстандық спорт сүйер қауым, әсіресе, төрт жылдықтың басты додасына жолдама алып үлгерген қос саңлағына ерекше үміт артып отыр. Олардың бірі атақты Ольга Рыпакова болса, екіншісі – еркін күрес шебері Данияр Қайсанов. Рыпакова үшін алдағы ойындар спорттық мансабындағы төртінші Олимпиада болайын деп тұр. Даңқты жерлесіміз бұған дейінгі байрақты бәсекенің үшеуінде де жүлдегерлер қатарынан табылған болатын. Еске салайық, өскемендік жеңілатлет 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында – күміс, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында – алтын, ал 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен ойындарда қола медаль жеңіп алған-ды. Ал бұл жолы Ольгадан қандай нәтиже күтуге болады? Ол жағы әзірге белгісіз. Оған жерлесіміздің жаттығулардың бірінде алған жарақаты да кері әсерін тигізгені сөзсіз. Соның салдарынан Рыпакова біраз уақытқа спорттан қол үзуге мәжбүр болған. Алайда, одан кейін қатарынан өткен бірнеше жарысқа қатысқан ол олқылықтың орнын толтырғандай болды.
– Ойындарда жеңіл атлетикадан ел намысын қорғаған жалғыз қазақстандық спортшы болдым. Бұл да зор жауапкершілік жүктеді. Қарсыластарым да осал емес екен. Алайда, бәрі ойдағыдай болды. Құдайға шүкір, отандастарымның үмітін ақтап, ел қоржынына алтын жүлде салдым. Енді сәл тынығамын да алдағы жарыстарға дайындықты бастаймын. Тезірек жарыс жолына оралғым келеді. Алда Токио Олимпиадасы күтіп тұр, – деген еді осыдан біраз бұрын өткен бүкіләлемдік әскерилер ойындарынан алтын медаль алып қайтқан Рыпакованың өзі.
Екінші үміткеріміз – Көкпекті ауданының тумасы Данияр Қайсанов үшін бұл дода, керісінше, бірінші Олимпиада болмақ. Соған қарамастан еркін күрес мамандары Күншығыс елінде Даниярдың жақсы нәтиже көрсетуге тәжірибесі де, шеберлігі де әбден жететініне сенімді. Бұған 23 жастағы балуанның соңғы бір-екі жылда бозкілемде жеткен жетістіктері де себепші болуда. Жерлесіміз Ақжүрек Таңатаров, Жігер Зәкіров, Нұрлан Бекжанов сынды азулы қарсыластар өнер көрсететін 74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде елішілік жарыстарда ғана топ жарып қоймай, халықаралық бәсекелерде де олжа салуда. Қазір Қайсановтың қоржынында 2018 жылғы Азия ойындарының «күмісі» мен дәл сол жылғы Азия чемпионатының «қоласы» бар. Ал 2019 жылы жерлесіміз құрлықтың біріншіліктің чемпионы атанды.
Міне, әзірге Токиодағы Олимпиадаға жолдама алған жерлестеріміз осы. Алдағы уақытта олардың қатарына дзюдо, жеңіл атлетика, семсерлесу, таэквондо сияқты спорт түрлерінің өкілдері де қосылады деп үміттенеміз.