Оңтүстік өңірдің отызға жуық тұрғыны Шығыс Қазақстан облысына арнайы сапармен келді. Алдағы уақытта аймаққа түбегейлі қоныс аударуды ойға алған жолаушылар Күршім мен Марқакөлге ат басын бұрды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Күршімдіктер қонақтардың алдынан шығып, жылы шыраймен қарсы алды. Көкжал Барақ ескерткішінің қасында шашу шашылып, ән шырқалды. Жөн-жоралғыдан кейін бірден бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізілді.
– Күршім аумағында 7 ауылдық округ, 21 елді мекен бар. Қазіргі уақытта аудан бойынша 45 жұмыс орны бос. Әсіресе, білім, медицина және ауыл шаруашылығы саласының мамандары тапшы. Оңтүстіктен келген қонақтарды ауданның тыныс-тіршілігімен таныстырамыз. Өңірге қоныс аударуға дайынмын деген азаматтарды жұмысқа орналастырып, жан-жақты қолдау көрсетуге біз де әзірміз, – деді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Роллан Нұрланұлы.
Шығыс Қазақстан облысындағы бірнеше қала мен ауданға қоныс аударушыларға арнайы квота бөлінгенін айта кетейік.
– Шымкент, Түркістан қалаларына жұмыс сапарымен барған едік. Бүгін, міне, Шығыс өңіріне көшуге ниет білдірген 30-ға жуық адамды бастап, жұмыс күші тапшы Күршім және Марқакөл аудандарын бетке алдық. Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткіздік. Енді қонақтарға ауылдардағы бос үйлерді де көрсетеміз. Өңірімізге көшіп келушілерге мемлекет тарапынан бірнеше сатылы көмек көрсетіледі, – дейді облыстық еңбек мобильдігі орталығының директоры Әсел Қайырбекова.
Қоныс аударуға берілетін бір реттік субсидия биыл 70 айлық есептік көрсеткішке тең, яғни 258 440 теңге. Бұл отбасындағы әрбір адамға берілетін төлем. Ал экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50 пайызын өтейді. Тек бұл сертификат құны 4 282 720 теңгеден аспайтын баспана алуға беріледі.
– Мен медбикемін әрі көпбалалы анамын. Шығыстың халқы да, табиғаты да ұнады. Қолайлы жұмыс табылса, көшіп келуге дайынбыз. Біздің соңымыздан қоныс аударамыз деп отырған біршама отбасы бар, – дейді қонақтардың бірі Нұрсалима Нұрайла.
Жер шалушы қонақтар енді жаңа аудан – Марқакөлді аралап көреді.