Металлургия кешені автоматты жүйеге көшті
Фото: rzkip.com
Өндірістің қоршаған ортаға әсерін барынша азайта түсу «Казцинк» компаниясының ең басты міндеті саналып келеді. Осы мақсатта Риддер металлургиялық кешені мен Риддер тау-кен байыту кешенінде автоматтандырылған экологиялық мониторинг жүйесі орнатылды.
Күкірт қышқылы бөлімшесі мен вельцтеу цехының түтін құбырларына орнатылған датчиктер азот оксидтерінің, күкірт диоксидінің, көміртек оксидінің және шаңның шоғырлануын ұдайы көрсетіп тұратын болады. Соның нәтижесінде өндіріс үдерісінде пайда болған газ енді тазартылып шығарылады.
Мұндай жабдықтар компанияның облыс орталығындағы зауыттарында бұрыннан бар екенін айта кету керек. Мамандар сонымен қатар Риддер металлургия және кен байыту кешендерінің сарқынды сулары ағып шығатын орнына да арнайы датчик қойды. Бұл жүйе рН-орта, су шығыны, температурасы, электрөткізгіштігі және лайлылығы бойынша бақылау жүргізуге мүмкіндік береді.
Датчиктер ақпараты онлайн режімінде экология және табиғи ресурстар министрлігіне түседі. Автоматтандырылған экологиялық мониторинг жүйесіне хабарлау жүйесі де қосылған, бұл ластағыш заттардың шоғырлануы өзгерген жағдайда қызметкерлердің шұғыл шара қолдануына мүмкіндік береді.
Кенді қалада өндірістің қоршаған ортаға әсерін азайтуға бағытталған жұмыс әлі жалғаса беретінін айта кеткен жөн. Атап айтқанда, 2017 жылдан 2023 жылға дейінгі аралықта шахта суларының он рет шығып кетуінің сегізі жойылды. Соның нәтижесінде өзен желісіне түсетін техногенді жүктеме 40 пайызға азайды. Осы мақсаттағы жұмыстарға 350 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Қазіргі кезде Риддер-Сокольный кенішінің жұмыс істеп тұрған тазарту қондырғылары қайта құрылуда. Бұл жұмыс сарқынды суларды тазарту тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.