Жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды болдырмау әдістері талқыланды (видео)
Шығыс Қазақстанда өтіп жатқан репродуктивті денсаулық апталығы аясында жасөспірімдер арасында жыныстық жолмен берілетін инфекциялық (ЖЖБИ) аурулардың алдын алу мәселелері талқыланды. Жоспарланбаған жүктілікті және жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды (ЖЖБИ) болдырмау әдістері өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Тері аурулары және венерологиялық орталықтың меңгерушісі Айнаш Жанболатқызының берген мәліметтері көңіл көншітпейді. Өкінішке орай, Шығыс Қазақстан облысы жыныстық қатынастар арқылы берілетін аурулар көрсеткіші бойынша республикада көш бастап тұр. 2023 жылы гонококк инфекциясы 100 мың адамға шаққанда - 17 болды, республикалық көрсеткіш – 100 мың тұрғынға – 6,8. Былтыр өңірде сифилис инфекциясының 54 жағдайы тіркелсе, биыл бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 26-ға жеткен, төрт жастағы бір бүлдіршінде анықталған.
Орталық меңгерушісі жыныстық инфекция жұқтырған жасөспірімдер ол проблемамен ешқашан үлкендерге келмейтінін, өйткені оларда қорқыныш, ұят болатынын айтады.