ШҚО-да жастарға арналған әлеуметтік қолдау шаралары
Елімізде жастарды әлеуметтік қолдау мен сапалы білім алуға жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. 2025 жылға қарай жоғары оқу орындары мен колледждердегі студенттердің стипендиясы екі есе өссе, магистранттар мен докторанттардың стипендиялары 1,75 есе артады. Бакалавриат студенттері 52 372 теңге, педагогикалық және медициналық бағытта оқитындар 84 000 теңге, магистранттар 117 098 теңге, докторанттар 262 500 теңге көлемінде стипендия алады.
Шығыс Қазақстан облысында бұл бағытта ауқымды шаралар жүзеге асырылып жатыр. ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев жастарды қолдаудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Оның айтуынша, мемлекет студенттердің тек білім алуына ғана емес, олардың әлеуметтік жағдайына да көңіл бөліп отыр.
Жетім балалар, көп балалы отбасылардан шыққан студенттер, мүгедек студенттер мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары жатақхана орындарымен және оқу төлемақысынан жеңілдіктермен қамтамасыз етілуде. Мысалы, С.Аманжолов атындағы университет талантты жастарға арнайы Абай және Аманжолов шәкіртақыларын тағайындап, олимпиада жеңімпаздарына оқу ақысын 100% жеңілдікпен ұсынады.
Сонымен қатар, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ әлеуметтік қолдауды жүйелі жүргізіп келеді. Университет көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттерге ай сайын 15 000 теңге көлемінде көмек көрсетеді, ал әлеуметтік қиын жағдайда қалған студенттерге 10 000 теңге беріледі. Жатақханаға мұқтаж студенттер үшін 50% жеңілдіктер ұсынылып, жетім балаларға тегін орындар бөлінеді. ҚАЕУ-де де студенттерге арнайы гранттар мен жеңілдіктер қарастырылған, 2024 жылы 11 студент 5,35 миллион теңге көлемінде грант алды.