Ермек Көшербаев: – Нені жасырып отырсыздар?
Облыста тұрғын үй құрылысы мемлекеттік қаржыландыру есебінен де дамып келеді. Жыл соңына дейін тұрғындардың әлеуметтік осал топтары үшін 15,5 миллиард теңгеге жалпы ауданы 46 мың шаршы метр болатын 766 пәтер сатып алу жоспарланған.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл өңірімізде тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі айтарлықтай ұлғаяды. Бұл туралы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Дидар Кеңесбаев мәлім етті. Оның ішінде мұқтаж отбасыларды мемлекеттік қаржыландыру есебінен баспанамен қамту қарастырылған.
Басқарма басшысының айтуынша, «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша 156 пәтер республикалық бюджет есебінен, ал 610 пәтер бағалы қағаздар шығару есебінен сатып алынбақ.
Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мәселесі өте маңызды екенін атап өткен облыс әкімі Ермек Көшербаев тұрғын үймен бірінші кезекте жетім балалар мен көпбалалы отбасыларды қамту қажеттігін айтты.
Айта кетейік, облыстық білім басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда «Мейірім» бағдарламасы аясында 300 баланың 117-сі қолдау шараларымен қамтылған.
Өңір басшысы тиісті басқармаларға апта соңына дейін мемлекеттен тұрғын үйге квота алмаған, бірақ оған аса мұқтаж жетім балалардың тізімін дайындауды және оларға қолдау көрсету мәселесін бизнес саласының өкілдерімен бірге пысықтауды ұсынды.
Сонымен қатар өңір басшысы қалалар мен аудандар бойынша тұрғын үйге кезекте тұрғандардың тізімін ашық жария етуді тапсырды.
Естеріңізге сала кетейік, биыл өңірде тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 359,4 мың шаршы метрден 400 мың шаршы метрге дейін ұлғаяды. Бұл 2023 жылға қарағанда 113 пайызға артық.