KZ
Өскемен
+16°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, Ю
478.91 526.42 5.38

«Қонақжай отбасы»: қазақшаң қалай, балақай?

15.07.2024, 09:08 257 Мадина Амангелдіқызы

«Қонақжай отбасының» кезекті маусымы аяқталды. Халқымыздың қонақжайлығын көрсететін атына заты сай жоба биыл да сәтті жүзеге асырылды. Бастысы оған қатысуға ниет білдірген балалардың саны көбейіп келеді. Қазақтың тілін ғана емес, мәдениетін, тарихы мен дәстүрін, өмір салтын білгісі келетін өзге ұлттың балалары көп екен.  

Жобаның географиясы кеңейді

Алдымен еліміздің өзге өңірлерінде баламасы жоқ, Шығыста ғана іске асырылып жатқан бірегей жоба туралы аз-кем айта кетсек, «Қонақжай отбасының» әу бастағы мақсаты облыста тұрып жатқан өзге ұлттың балаларына қазақ тілін тілдік ортада үйрету еді. Биылдан бастап жоба қазақ тілді оқушыларды да қамтыды. Қазақы аудандарда тұратын қандастардың балалары да өзге ұлт өкілдері мол шоғырланған қала-аудандардағы отбасылардың үйінде тұрып орысша үйренді. Ол үшін облыстық білім басқармасы арнайы бағдарлама әзірлеген. Бағдарламада тіл үйренумен қатар туған өлкенің салт-дәстүрін, мәдениетін, тарихын, ұлттық құндылықтарын зерделеп, жақынырақ танысу көзделген. Балаларға арнайы экскурсиялар ұйымдастырылып, киелі орындарды аралауға мүмкіндік туды. Сонымен қатар жоба қатысушылары кітап оқып, түрлі фильмдер көрді, сананы сергітетін, таным көкжиегін кеңейтетін ойындар ойнады. Осының бәріне 15 күн уақыт берілді. «Қонақжай отбасына» 12-14 жас аралығындағы қазақ және орыс тілдерінде оқитын оқушылар қатысты.

«Былтыр тұңғыш рет жүзеге асырылған жобаға Өскемен, Риддер қалалары мен Шемонаиха, Глубокое Алтай аудандарынан алпыстан астам бала қатысқан. Оларды Катонқарағай ауданының үш ауылында тұрып жатқан педагогтар отбасы қабылдады. Биыл «Қонақжай отбасының» географиясы кеңейіп, қатысушылар саны өсті. Мәселен, аталған аудан-қалалардан орыс тілді 100 бала Катонқарағайдың төрт ауылы – Берел, Өрел, Жамбыл, Белқарағайдағы отбасыларда болса, Тарбағатай мен Зайсанның қазақ тілді 20 баласы Риддер қаласына және Глубокое ауданында болды, – деп хабарлады облыстық білім басқармасынан.

Қонақ балаларды қабылдауда неге педагогтар отбасына басымдық берілді? Өйткені олар баланың жанын түсінеді, олармен қалай сөйлесу керегін біледі және тіл үйретуде де ешқандай қиындық туындамайды. Сонымен қоса қонақ балалар түскен үйдің де мектеп жасындағы баласы болуы шарт. 

Биылғы 15 маусым күні Өскеменнен жолға шыққан 100 бала Катонқарағай ауданының төрт ауылына бөлінген. Оның ішінде Берел ауылында 11 отбасы 32 баланы қабылдады.

Одан бөлек Өрел ауылындағы 13 отбасы 35 баланы, Белқарағайда екі отбасы бес баланы қабылдаса, қалғандары Жамбыл ауылындағы үйлерге тұрақтады. Мәдени, туристік, білім беру бағытындағы жоба аясында бағдарламаны іске асыруға жоғары оқу орындары мен колледждердің педагогикалық мамандықта оқитын студенттері көмекке келген.

Тіл ғана емес, тарихы, мәдениет, дәстүрді де үйренеді

Катонқарағай аудандық білім бөлімінің хабарлауынша, оқушыларға қазақ тілін оқыту 17 модульден тұрады. 

– Бағдарламаға сәйкес оқушылар тілді меңгерумен қатар түрлі шараларға, ұлттық ойындарға қатысады, музей аралап, ұлттық паркке саяхат жасайды, музыкалық аспаптарда ойнайды. Осында келген бір-екі күнде балалар жиырмадан астам сөз жаттап үлгерді, домбырада ойнап, қабілеттерін көрсетіп жатыр. Жобаның арқасында олар қазақ тілінің базалық курсын меңгеріп, еркін сөйлей алады деп ойлаймын, – дейді Катонқарағай аудандық білім бөлімінің маманы Жанат Қошпанова.   

Маманның айтуынша, сонымен қатар оқушылар жергілікті жердегі демалыс орындарына, ара және бұғы шаруашылықтарына экскурсия жасайды. Берел қорымына барып, археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген орындарды көреді, тарихымен танысады.

Иә, қолмен ұстап, көзбен көргеннің әсері де бөлек қой. «Асфальтта» өскен балаларды ауылдың шаңына аунатып, суына шомылдырып, бал-қаймақ пен құрт-ірімшікке тойдырса, қара қазанға піскен ыстық бауырсақтан дәм татырса, атқа мінгізіп серуендетсе қазақша сөйлемегенде қайда барады? Сөйлейді әрине. Өздері де ниеттеніп келіп отырған жоқ па! Туған елімнің тілін біліп, жерімнің тарихын танысам, мәдениетін бойға сіңірсем, дәстүрін дәріптесем деген ұстанымға берік бекіген балдырғандарға бек риза болдық шынымен.

– Арнайы әзірленген бағдарламадан бөлек қонақ балалар ауылдың күнделікті тұрмыс-тіршілігімен жақын танысып, құрт, талқан, ірімшік жасауды, бауырсақ пісіруді, май шайқауды, бие сауып, қымыз ашытуды көріп, үйренуде. Осының бәрінде олар тек қазақ тілінде сөйлеп, қазақша атауларды жаттауға тырысады. Нәтижесі жаман емес. Бір апта уақытта талай сөз үйреніп алды. Ең бастысы балалардың бойында ынтта бар, қазақша сөйлесем деген ниет бар, – дейді балаларды қонақ еткен Берел ауылының тұрғыны Қанағат Чакиртов.

Бір ескерте кететін жайт, балалар мал қайыру, бұзау іздеу, су әкелу, отын тасу сынды ауылдың күнделікті тірлігіне араласып жатқан жоқ, араласпайды да. Жобаның талабы солай өйткені. Оқушылар психологтың қадағалауында болады. Бұрын ата-анасының қасынан ұзап шығып көрмеген жеткіншектерге бөтен отбасында тұрып, бөтен жерде жүру алғашқыда оңайға соқпасы анық. Сол үшін психологтың қадағалауы маңызды.

Алғашқы әсер, жаңа достар

– Осы жобаға қатысқаныма өте қуаныштымын. Аз уақыттың ішінде қазақша біраз сөз жаттап алдым. Ауылдағы өзге балалармен қазақша сөйлесіп, жаңа достар таптым. Біз күнде қазақша сөйлестік. Маған Катонқарағайдың табиғаты, адамдары өте ұнады. Осындай мүмкіндік туғызған адамдардың бәріне алғыс айтамын, – дейді Алтай қаласының оқушысы Виктория Федюкина.

 «Талабыңа нұр жаусын!» дегеннен басқа айтарымыз жоқ. Расымен біздің елде өзге ұлт өкілдеріне қазақша үйретудің сан алуан тәсілі мен әдістемесі қолданылып келеді. Олардың нәтиже еріп жатқандары да жоқ емес. Дегенмен «Қонақжай отбасының» орны бөлек. Бұл жобаға жұмсалған қазына қаржысы текке кетіп жатпағынына куәміз. Мектеп қабырғасында 11 жыл оқытып, сіңіре алмаған қазақ тілін өзге ұлттың балаларына жарты айда үйреткен «Қонақжай отбасына» қалай қайран қалмайсың?! Он бес күнде бұл балалар Абайдың тілінде сайрап кетпесе де айтар ойын еркін жеткізіп, қажетін сұрап ала алатындай дәрежеде болады. Оған күмән жоқ.

Арнайы мамандардың көмегі қажет

«Қонақжай отбасы» туралы осы жоба жүзеге асырылып жатқан Катонқарағай өңірінің тумасы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Тоқтарбек Мағзұмовтың пікірін білген едік.

– Қолға алған бастама дұрыс. Бірақ таяқтың екі ұшы бар дегендей бұл жобаның да тигізер пайдасымен қоса көлеңкелі жақтары да болуы мүмкін. Тілді меңгерген, дәстүр-салтты, мәдениетті, тарихты білген жақсы әрине, дегенмен біз оны кімдерге үйретеміз? Мысал ретінде айтайын, ол бала ертең ауылда бірдеңеге ұрынып қалса немесе мінезі шатақтау болып өзгелермен төбелесіп қалса, қолының сумақылығы болып барған үйінен бір затты қалтасына салып алса кім жауап береді? Мәселе сонда. Балаларды ауылға жібермес бұрын олардың тегін, ата-анасын зерделеп, жағымды қорытынды алғаннан кейін ғана рұқсат етілсе. Бұл ретте медицина мамандарының, оның ішінде генетиктердің қызметіне жүгінген артық болмайды.

Сондай-ақ ол балалармен кәсіби психолог, мұғалім, саясаттан хабары бар, тарихты, мәдениетті, тілді жетік білетін мамандар жұмыс істеуі керек. Сонда жоба толыққанды жүзеге асып, нәтижесін береді деп айта аламыз, – дейді жазушы Тоқтарбек Мағзұмов.

Бұл сөздің де жаны бар. Бала тәрбиесі деген өте нәзік, өте жауапты міндет. Сондықтан шалыс басуға құқымыз жоқ. Өзгенің баласына өзінікіндей қамқорлық көрсетіп, жарты ай болса да тәлім-тәрбие беретін ауылдағы отбасыларға да артылған жауапкершілік жүгі ауыр. Қалай десек те қанатқақты жобаның алғашқы екі маусымы сәтті аяқталды. Нәтижесінде, оқушылардың демалыс уақытын ұтымды ұйымдастыруға, тіл үйреніп, сөздік қорды байытуға, әлеуметтік-мәдени коммуникацияны қалыптастыруға, жергілікті жердегі отбасылардың мәдениеті, дәстүрі, тарихымен танысуға мүмкіндік туды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив