KZ
Өскемен
-6°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Катонқарағайлық отбасылар балаларды құшақ жая қарсы алды

16.06.2024, 11:32 341 Серік Әбілхан

Өскеменнен жолға шыққан 100 бала Катонқарағай ауданына жетті. Бұл жақта оларды қонақжай отбасылар қарсы алды.

Қазақ тілін тілдік ортада жүріп үйренуге келген балаларды ауданның Белқарағай, Өрел, Жамбыл, Берел ауылдарындағы отбасылар құшақ жайып күтіп алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Былтыр алғаш рет қолға алынып, жақсы нәтиже берген “Қонақжай отбасы” бірегей жобасы биыл да жалғасын тапты. Еліміздің өзге өңірлерінде жоқ, Шығыста ғана жүзеге асырылатын жобаның осы маусымда жағрафиясы кеңейіп, қатысушылар саны артқан. Ерекшелігі сол, орыс тілді балаларды Катонқарағай ауданы қабылдаса, қазақ тілді балалар Риддер қаласы мен Глубокое ауданына аттанды. 

Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы хабарлағандай, Катонқарағай ауданының Өрел ауылында 13 отбасы 35 баланы, Берелде 11 отбасы 32 баланы, Белқарағайда екі отбасы бес баланы қабылдаса, қалғандары Жамбыл ауылында болады. 

Жобаны іске асыруға осы елді мекендерде тұратын педагогикалық жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері көмектеседі.

«Қонақжай отбасы» жобасына 12 жастан 14 жасқа дейінгі қазақ және орыс тілдерінде оқитын оқушылар қатысады. Олар тілді 15 күн бойы тілдік ортада жүріп үйренеді, сол үшін арнайы бағдарлама әзірленді.Бағдарламада туған өлкенің салт-дәстүрін, мәдениетін, тарихы мен мол мұрасын зерделеу көзделген. Балалар саяхаттап, кітап оқып, фильмдер көріп және аудандағы киелі орындарға барады, - деп хабарлайды білім басқармасынан.

Айта кетейік, жоба биылғы 15-30 маусым аралығында Катонқарағай, Глубокое аудандарында және Риддер қаласында жүзеге асырылады. Өскемен, Риддер қалаларынан және Алтай, Глубокое, Шемонаиха аудандарынан орыс тілді 100 бала Катонқарағайда болса, Тарбағатай мен Зайсандағы қандастардың 20 баласы Глубокое ауданы мен Риддердегі отбасыларда тұрып орыс тілін үйренеді. Нәтижесінде, оқушылардың демалыс уақытын ұтымды ұйымдастыруға, тіл үйреніп, сөздік қорды байытуға, әлеуметтік-мәдени коммуникацияны қалыптастыруға, жергілікті жердегі отбасылардың мәдениеті, дәстүрі, тарихымен танысуға мүмкіндік туады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу