Шығыстың олимпиадашыларын жерлестері әуежайдан қарсы алды
Бүгін Өскеменнің әуежайында Париж олимпиадасына қатысқан бір топ шығысқазақстандық спортшыны жерлестері қошеметпен қарсы алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Атап айтсақ, елге оралғандар қатарында семсерлесушілер Руслан Курбанов, Вадим Шарлаимов, жеңіл атлеттер Елизавета Матвеева мен Надежда Дубовицкая және құрамадағы ең жас спортшы, таеквондошы Батырхан Төлеуғали болды.
Ең үздік нәтиже көрсеткен жерлес спортшымыз – Руслан Курбанов, ол алтыншы орынға табан тіреген болатын.
Батырхан Төлеуғали Париж олимпиадасында Мали елінің өкілі Исмаэль Кулибалиді ұтқанымен, 1/8 айналымда екі дүркін әлем чемпионы, италиялық Симоне Алессиодан ұтылып қалды. Отандасымыз тартысты жекпе-жекте тәжірибелі италиялық спортшыдан 0:2 есебімен есе жіберді.
ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можановтың айтуынша, облыстың тоғыз спортшысы спорттың төрт түрінен – еркін күрес, таэквондо, семсерлесу және жеңіл атлетика бойынша сынға түсті.
Фото: Нелли Петенева