ШҚО: XXII Халықтық спорт ойындарының ашылу рәсімі өтті
Ойындардың ресми ашылу рәсімі бүгін кешке Өскемендегі Ольга Рыпакова атындағы Жеңіл атлетика орталығында өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ашылу рәсіміндегі дәстүрлі шеруді спорт ардагерлері бастады, одан соң аудан-қалалардан келген командалар кезек-кезек шықты, шеру соңын шығысқазақстандық олимпиадашылар түйіндеді. Олардың қатарында бүгін ғана Өскеменге оралған семсерлесушілер Руслан Курбанов пен Вадим Шарлаимов, жеңіл атлеттер Елизавета Матвеева мен Надежда Дубовицкая және құрамадағы ең жас спортшымыз, таеквондошы Батырхан Төлеуғали бар.
12 тамызда басталып кеткен XXII халықтық спорт ойындары екі қалада өтетін болған. 12-16 тамыз аралығында Зайсан қаласында ұлттық спорт түрлері бойынша сайыстар дүбірлеп өткені белгілі. Ал 18-23 тамыз аралығында Өскеменде бұқаралық спорт түрлері бойынша сайыстар ұйымдастырылмақ.
Бірнеше жылдық үзілістен соң қайта жанданған бұл ойындардың негізгі мақсаты – көкпар, бәйге, тоғызқұмалақ, асық ату, қазақ күресі сияқты дәстүрлі ұлттық спорт түрлерін, сондай-ақ футбол, волейбол сынды ойын спорт түрлерін, жеңіл атлетиканы дамыту.
Жарыстар спорттың 22 түрі бойынша жүргізіледі, ал оған барлық қалалар мен аудандардан 13 команда, шамамен 2 мың спортшы қатысады, ал ұйымдастыру жұмыстарына 500-дей адам тартылған.
Айта кету керек, жарыстар барысында 144 медаль жиынтығы ойнатылады.
Іс-шара аясында Руслан Курбановқа 5 млн, Вадим Шарлаимовке 2,5 млн, Елизавета Матвеева, Надежда Дубовицкая, Батырхан Төлеуғалиға 1 млн теңге көлемінде сыйақылар табысталды. Олардың бапкерлері де сыяпаттан тыс қалмады. Ал талай дүбірлі жарыстарда еліміздің көк байрағын желбіреткен Ольга Рыпаковаға отандық спорттың дамуына қосқан тарихи үлесі үшін темір тұлпардың кілті тарту етілді.
Фото: Нелли Петенева