KZ
Өскемен
+18°
пасмурно жел 2 м/с, ОБ
477.45 527.1 5.24

Өскеменде «Қазақстан оқушысы» веложарысы басталды

12.08.2024, 17:41 431 Нұржан Кенжеұлы

Биыл дәстүрлі «Қазақстан оқушысы» веложарысының 54-шi сайысы өтуде. Бір атап өтерлігі, сол 54 велобәйгенің жартысына жуығы, яғни 25-і біздің өңірде өткен екен. Бұл жолғы жарыс та Шығыс Қазақстанда жалауын желбіретті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Республикалық велоспорт федерациясынан хабарлағандай, болашақ чемпиондарды анықтауға бағытталған жарысты еліміздің Шығысында өткізудің бірнеше себебі бар.

– Ол ең алдымен, өңірдің табиғаты. Мұнда жас велошабандоздардың шеберлігін шыңдауға аса қажет сан алуан трассаны табуға болады. Екіншіден, облыс әкімдігі мен өзге де құзырлы органдар кез келген жарысты өткізуге асқан жауапкершілікпен қарайды, мұның өзі біз үшін зор құрмет пен мәртебе, – дейді жарыстың бас төрешісі Сергей Бредихин.

Осы ретте биылғы велобәйге облыстық білім басқармасының мұрындық болуымен өтуде екенін айтқан жөн.

Сегіз күнге созылатын жарыстың мақсаты мен міндеті айқын дейді, ұйымдастырушылардың өздері.

– Мұндай жарыстар ең алдымен балалар мен жасөспірімдер спортын насихаттау әрі дамыту, мектеп оқушыларын денешынықтырумен және спортпен шұғылдануға баулу, салауатты өмір салтын насихаттау, патриоттық қасиеттерді тәрбиелеу, еліміздің құрама командаларының резервін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылатыны анық. Бұл жолғы велобәйгенің де мақсаты сол. Кім білсін, болашақта осы балалардың ішінен Олимпиада ойындарының чемпиондары да шығып қалуы мүмкін, – деген облыстық білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева келер жылғы доданы бұдан да ауқымды қылып өткізіп, оған алыс-жақын шетелдің спортшыларын шақыру жоспарланып отырғанын да айтты.

Айта кетейік, биылғы жарыста Қазақстанның 10  облысы мен қаласынан жиналған 80-нен астам оқушы бақ сынауда. Белгілі болғандай, додаға 2006-2007 жылдары туған және одан кіші ұлдар қатысады екен. Сондай жас велоспортшының бірі – өскемендік Ұлан Мұратов.

– Бұл спортпен шұғылданып жүргеніме екі жыл болды. Осы аралықта түрлі деңгейдегі 15 жарысқа қатысып үлгердім. «Қазақстан оқушысы» веложарысына ең алдымен тәжірибе алаңы ретінде қараймын. Мұнда түрлі трассамен жүріп, өзге өңірлерден келген ең үздік спортшылармен жарысуға тура келеді. Қарсыластар осал емес. Алайда, біздің де дайындық жаман емес деп есептеймін. Ең бастысы, бұл жарыс шеберлікті шыңдау үшін тамаша мүмкіндік. Осы мүмкіндікті толықтай пайдалану керек, – дейді талапты жас.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы жарыс алты кезеңнен тұрады. Арасында топтық та, жекелей де сындар бар.  Ең ұзақ қашықтық 90 шақырымды құрамақ. Сондай-ақ қатысушыларды 25, 50 және 80 шақырымдық кезеңдер де күтіп тұр. Жарыс негізінен Глубокое мен Ұлан аудандарының, сонымен қатар Өскемен қаласының жолдарымен өтпек.

Тағы бір айта кетер жайт, биылғы додада үздіктер қатарынан көрінген спортшылар естелік кубоктар, дипломдар мен медальдардан бөлек, ақшалай сыйлықтарға да ие болмақ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив