XXII халықтық спорт ойындары: шахмат пен шашка жеңімпаздары анықталды
12 тамызда басталған XXII халықтық спорт ойындары жалғасып жатыр. Бүгін Өскемендегі дарынды балаларға арналған спорт интернатында бұқаралық спорт түрлері бойынша шахмат пен шашкадан командалық сайыс өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ақыл –ой спортының сайысына облыстың аудандары мен қалаларынан келген 11 команда қатысты.
Шашка ойнаудан Өскемен (1), Риддер(2) қалалары мен Тарбағатай (3) ауданының командалары алғашқы орындарды еншіледі. Шахмат ойынында да Өскемен қаласының командасы 1-орынды иеленіп, 2-орынды Ұлан, 3-орынды Алтай ауданының шахматшылары алды.
– Тарбағатай ауданынан шахмат пен шашка ойындары бойынша алты адам келіп отырмыз. Ойын қызықты өтіп жатыр. Аудан орталығындағы спорт мектебіне жаңа басшы келді, Айдын Егінбаев деген азамат. Енді ауданда барлық бұқаралық спорт түрлері бойынша түрлі секциялар, үйірмелер ашуды қолға алғалы отыр. Аудан спортшылары шахматтан, шашкадан алдағы уақытта бүгінгіден де үлкен жетістіктерге жетеді деген сенімдемін, – дейді тарбағатай ауданының командасын бастап келген шахматшы Болат Құсайынов.
Оқи отырыңыз