KZ
Өскемен
-7°
переменная облачность жел 2 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Шығыс өңірі мен Қытайдың Алтай қаласы арасындағы алыс-беріс арта түседі

21.08.2024, 17:49 129 Нұржан Кенжеұлы

Шығыс Қазақстан облысы мен Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына қарасты Алтай қаласының арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың әлеуеті зор. Бұл туралы бүгін облыс әкімінің міндетін атқарушы Нұрымбет Сақтағанов пен Қытай елінен келген делегация арасындағы кездесу барысында да айтылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Еске салайық, облысымызға көрші елдің Алтай қаласынан жергілікті сауда-өнеркәсіп палатасының бір топ өкілі келген болатын. Мақсаты – шығысқазақстандық әріптестерімен ынтымақтастық орнатып, нығайту. Қытайлық тарапты әсіресе, бізден ауылшаруашылық өнімдерін сатып алу жағы қызықтырады екен. Бұл тізімге бірінші кезекте өсімдік майы, бал, балық, панты, сүт сияқты өнімдер енген.

Туризм саласы да Шығыстағы көршіміздің назарынан тыс қалмауда. Мәселен, соңғы кездері оқтын-оқтын көтеріліп жүрген Марқакөл ауданының аумағынан Қытайға бақылау-өткізу бекетін ашу мәселесі де кездесуде сөз болды.

Айта кетейік, осыдан біраз бұрын Шығысқа жасаған сапары барысында ел Премьер-министрі Олжас Бектенов «Қанас – Марқакөл» көлдерінің трансшекаралық бағытын ұйымдастыру үшін Теректі ауылынан Марқакөл көліне дейінгі жол жабынын салу мәселесін пысықтауды, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының аумағы арқылы өтетін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында кемінде 15 санитарлық-гигиеналық торап салуды қамтамасыз етуді тапсырған болатын.

Қытайлық делегацияны бастап келген Алтай аймағы Бас сауда палатасының вице-президенті Чжан Чжиджун мырза аталмыш жоба жүзеге асса, одан екі жақ та ұтатынын айтты.

– Біздің аймаққа жыл сайын үш миллионға жуық турист келіп қайтады. Егер Қанас пен Марқакөл, одан әрі Катонқарағай арасын жалғайтын маршрут ашылса, сол үш миллион туристің біразы сіздердің облыстарыңызға да сапар шегері анық. Сол себепті, осы бірлескен жобаны жүзеге асыруға қос тарап та мүдделі болуы керек, – деді Чан Чжиджун.

Әріптестікті нығайтуға біздің тарап та қызығушылық танытып отыр. Оны облыс әкімінің міндетін атқарушы Нұрымбет Сақтағанов та атап өтті.

– Қытай елінің қай салада да зор жетістіктерге жетіп жатқанын білеміз. Бізді де алыс-беріс, барыс-келіс жағы қызықтыратыны рас. Әлбетте, сіздердің ұсыныстарыңызды мұқияты қарап, зерделейтін боламыз. Ең бастысы, кез келген ортақ жобаны соңына дейін жеткізуге тырысуымыз керек, – деп мәлім етті Нұрымбет Сақтағанов.

Облыс әкімінің міндетін атқарушы кездесуге қатысқан бірқатар басқарма басшыларына Қытайдан келген делегация өкілдерімен байланыс орнатып, жұмыс жүргізуді тапсырды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу