ШҚО-да 1 адамнан кене вирустық энцефалиті анықталды
ШҚО-да кене вирустық энцефалитінің зертханалық түрде расталған 1 жағдайы тіркелді.
16 мамырдағы жағдай бойынша, облыстың эндемиялық аумақтарында кене шағумен барлығы 1057 адам жүгінген, оның 31%-ы – балалар. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда кене шаққан адамдар саны 444 жағдайға азайған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бұл туралы ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Жалпы облыс бойынша кене шаққан 1057 адам жүгінген болса, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны – 327.
Қазіргі уақытта эндемиялық аумақтардың медициналық ұйымдарында кене шағудан зардап шеккен адамдарға алдын алу көмегін көрсету үшін кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин препаратының қоры жеткілікті мөлшерде.
Өңірде кене энцефалитінің табиғи ошағы Глубокое, Зайсан, Алтай, Катонқарағай, Самар, Ұлан, Шемонаиха аудандары мен Риддер, Өскемен қалаларының маңайлары екенін айта кеткен жөн.