Кәсіпорындар қандай жағдайда банкроттыққа ұшырайды?
Еске салсақ, 2014 жылғы 7 наурызда Қазақстан Республикасында «Оңалту және банкроттық» туралы заңы қабылданды. Ал кәсіпорындар қандай жағдайда банкрот болады? Жалпы оңалту және банкроттық процестер туралы не білеміз?
Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында кеңінен айтылды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
ШҚО бойынша Мемлекеттік Кірістер департаменті Оңалту және банкроттық бөлімінің басшысы Сайран Уәлибекованың айтуынша, Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
Спикер келтірген мәліметтерге сүйенсек, борышкердің орнықты төлем қабілетсіздігі оның өзін банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып тарату туралы өтінішпен сотқа жүгінуіне негіз болып табылады, яғни егер борышкердің міндеттемелері сотқа өтініш берілген күнге мүлкінің құнынан асып кетсе, төлем қабілетсіздігі орнықты болып табылады.
Борышкердiң дәрменсiздiгi оны сот тәртiбiмен банкрот деп жариялау үшін негiз болып табылады.
Борышкердің дәрменсіздігін сот қаржылық орнықтылық туралы қорытындыны ескере отырып белгілейді.
Маман айтып өткендей, банкроттық рәсімінде келесі негізгі терминдер қолданылады:
- банкрот – заңды күшіне енген сот шешімімен дәрменсiздiгi белгiленген
борышкер;
- банкроттық – борышкердiң сот шешiмiмен танылған, оны тарату үшін негiз болып табылатын дәрменсiздiгi;
- банкроттық рәсімі – кредиторлардың талаптарын Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен банкроттың мүліктік массасы есебінен қанағаттандыру мақсатында жүзеге асырылатын рәсім;
- банкроттықты басқарушы – банкроттық рәсімін жүзеге асыру үшін оңалту және банкроттық саласындағы уәкілетті орган тағайындаған адам;
- әдейі банкроттық – құрылтайшының (қатысушының), лауазымды адамның, сол сияқты дара кәсіпкердің заңды тұлға немесе дара кәсіпкер банкрот деп танылғанға дейінгі үш жыл ішінде кредиторлар алдындағы міндеттемелерін орындаудан жалтару мақсатында мүлікті иеліктен шығару немесе жасыру арқылы жеке мүддесі немесе өзге тұлғалардың мүдделері үшін жасалған әрекеттері;
- кредитор – борышкердің азаматтық-құқықтық және (немесе) борышкердің өзге де міндеттемелерінен туындайтын мүліктік талаптары бар тұлға;
- кредиторлар талаптарының тізілімі – осы Заңда белгіленген тәртіппен оңалту немесе банкроттық рәсімдерінде қалыптасатын, мөлшері, негіздері мен туындау күні көрсетіле отырып, кредиторлардың борышкерге қоятын талаптарының тізбесі;
- кредиторлар жиналысы, кредиторлар комитеті –оңалту және банкроттық рәсімдерінде осы Заңда көзделген өкілеттіктерге ие, кредиторлардың өкілді органы.
Банкроттық рәсімінің мақсаты – кредиторлардың талаптарын борышкердің мүлкі есебінен максималды түрде қанағаттандыру.
Банкроттық рәсімін жүргізу мерзімі тоғыз айды құрайды және оны кредиторлар жиналысы негіздер болған кезде екі жылға дейін ұзартуы мүмкін (соттың іс жүргізуінде борышкер мен оның кредиторларының мүліктік мүдделерін қозғайтын істің болуы, өткізілмеген мүліктің болуы).