KZ
Өскемен
+24°
переменная облачность жел 4 м/с, ОШ
478.93 534.96 5.16

«Сатылмайтын Алпамыс». Жезкенттік оқушы жемқоры жоқ әлемді армандайды

13.06.2019, 04:27 247

Жезкенттік оқушы Асанәлі Амангелдиев болашақта жемқорлықсыз әлемде тұруды армандайды. Ол елімізде қалаған оқуына түсу үшін ешкімге пара бермейтін, таңдаған қызметіне ешкімнің көмегінсіз орналасатын әділ қоғам орнайтынына сенімді.

Жасөспірім тек тәтті қиялдың жетегінде жүр деп ойласаңыз, қателесесіз.  Жас ұрпақтың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселесінің Асанәліні толғандырғаны соншалық,  жеткіншек құрбылары үшін «Сатылмайтын Алпамыс» компьютерлік ойынын ойлап тауыпты. Бұл ойынның Қазақстанда баламасы жоқ.

 Жезкент кентіндегі мектеп-лицейдің 8«ә» сыныбының оқушысы  Асанәлі Амангелдиевтың осы жобасы Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мен облыстық білім басқармасы бірлесе ұйымдастырған «Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың үздік жобасы» конкурсында Гран-приді жеңіп алды.

 Асанәлінің  айтысына қарағанда,  қоғамымыздың қасіретіне айналған жең ұшынан жалғасқан қылмыс туралы алғаш рет теледидардан естіпті.

–Бір хабарда лауазымды шенеуніктің пара алып ұсталғанын көрсетті. Сол кезде мені осы жаман әдеттен балалар жастайынан жирену үшін не істеу керек деген ой толғандырды. Аяғы  балаларды жемқорлыққа қарсы осындай ойын арқылы тәрбиелеуге болатынын ұқтым,- дейді  он төрт жасар күрескер.

«Сатылмайтын Алпамыс» компьютерлік ойынының жобасын Асанәлі екі айда жасап шығыпты. Ойын бес деңгейден тұрады. Әр деңгейде Алпамыс атты баланың алдынан әртүрлі қиындық шығып отырады. Мысалы, 1-деңгейде Алпамыс мектепті бітіріп,жоғары оқу орнына түсу үшін ҰБТ тапсырады. Сол кезде оған жоғары балл жинағысы келсе, пара беру туралы ұсыныс айтылады.

Бірақ Алпамыс бас тартады да, өз күшімен қажетті балды жинайды. Екінші жолы ХҚКО-ға төлқұжат жасату үшін барған Алпамысқа пара берсе, қысқа мерзімде әзірлеп беретіндерін айтады. Осылайша,ойында кейіпкердің алдынан оның ар-ожданын сынға салған бірнеше сынақ шығады.  Қиындықтың бәрінен сүрінбей өтіп, өзінің  ар-ұятына дақ түсірмеген Алпамыс ақыр аяғында жемқорлықсыз әлемге енеді.

Ойынның ең басты ұтымды тұсы – әр деңгейден кейін  қылмыстың осы түріне заң тұрғысынан  баға  беріліп, қандай жауапқа тартылуы мүмкін екені  түсіндіріліп отырады.

- Бұл тек ойын емес,оқушының құқықтық сауатын  ашуға да көмектеседі.  Өйткені ойында заңнамалық база бар. Мысалы, мемлекеттік қызметкерлер жасаған заң бұзушылықтар Қылмыстық кодекстің қай бабына жататыны, оған қандай жаза қолданылатыны көрсетіледі, -дейді жеткіншек.

Асанәлінің  зерттеу жобасына  әкесі Қанат Елубаев жетекшілік жасапты. Қанат Амангелдіұлы мектепте тарих және адам, қоғам, құқық пәндерінен сабақ береді.

-Компьютерлік ойын туралы идеяны алғаш рет былтыр айтқан. Алайда ол кезде космосқа қатысты ғылыми жобамен айналысып жүрді де, қолы тимеді. Өткен жылы сол ғылыми жобасымен  республикалық «Шапағат» конкурсында да  бірінші орын иеленіп,жеңімпаз атанды, - дейді әкесі мақтанышпен.

Қазір  Асанәлі «Сатылмайтын Алпамыс» жобасының екінші, соңғы  кезеңін ойластырып жатыр. Бұл орайда оған көмекке департаменттің мамандары, бағдарламашылары келіпті.

-Бұл - өте күрделі ойын, оны мектеп оқушысына өздігінен аяқтау қиын. Бізге департамент пен облыстық білім басқармасы тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Жобаның алғашқы кезеңін «Шығыс – адалдық алаңында» сәтті қорғап, жеңімпаз атанды, - деп сабақтады сөзін Қанат Елубаев.

Кейіпкердің есімін Алпамыс қойғанда да  әкелі-балалы жұп ұлттық нақыш іздепті.

-Әдетте шетелдік атауларды беріп жатады. Ал біз өзіміздің «Алпамыс жырымен» қоса «Қазақфильм» түсірген «Алпамыс мектепке барады» атты тамаша отандық туындыны еске алдық. Балаларда «Алпамыс деген кім?» деген  қызығушылық туса, интернеттен осы фильмді тауып көре алады.  Қазақ эпосымен де танысуларына болады.  Бұл біздің ұлттық туындыларымызды жарнамалауға қосқан аз да болсын үлесіміз, - деп күледі әкесі.

Егер қазіргі балалардың бос уақыттарын негізінен ұялы телефон мен планшеттерге телмірумен өткізетінін ескерсек, оқушының бұл жобасы шынында да,жас өркендерде жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыруда таптырмайтын құрал болары сөзсіз. Құрғақ насихат  пен пара алғандар, мемлекет қаржысын жымқырғандар туралы мысалдар қоғамымыз үшін бұл қылмыстың қаншалықты қауіпті екенін балалардың санасына бірден сіңіруі екіталай.

-Күнделікті өмірде  бала әке-шешесінің айтқаны мен істеген істері қабыспайтынын көруі мүмкін. Мысалы,көлікте келе жатқан бала әкесінің жол полициясы қызметкеріне айыппұлдың орнына азын-аулақ тиын-тебен ұстатқанын көрсе немесе қызмет бабын пайдаланып,кеңсесінен ұсақ-түйек заттар алып келгенін байқаса, үлкендердің «балам,біреудің ала жібін аттама, ешқашан ешкімге пара беруші болма» деген ақылы заякетпей ме? «Бармақ басты, көз қысты» қылмыстарынан ада ұрпақты тәрбиелеуде үлкендердің жеке бас үлгісі ерекше рөл атқаратынын естен шығармау керек. Одан кейін заманауи тәсілдер, осындай компьютерлік ойындар баланың жемқорлықпен күреске деген талабын ұштай түседі. Өйткені өздері бетпе-бет кездескен зұлымдықты жеңіп шығу, мейлі, ойын түрінде болсын, балалар үшін үлкен мақтаныш,- деген пікірін айтады ширек ғасыр бала тәрбиесімен айналысып келе жатқан Жазира Қапанқызы.

«Сатылмайтын Алпамыс» компьютерлік ойынының бүгінгі таңда Қазақстанда баламасы жоқ. Зерттеу жобасында оқушылардың жемқорлыққа қарсы ой-санасының дамуына зерттеулер жүргізілген.

-Компьютерлік ойын балалар үшін өте қызықты. Олар кейіпкермен бірге кедергілерден сүрінбей өтуге тырысады. Ойын жас ұрпақтың бойында жемқорлыққа ымырасыздықты қалыптастыратынына сенімдіміз. Жобаның өзектілігін ескере отырып, біздің департамент оны жүзеге асыру үшін жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. ҚазірАсанәлі бағдарламашыларымызбен бірлесіп, соңғы кезеңін аяқтауға жақын, - деді департаменттің сыбайлас  жемқорлықтың алдын алу басқармасы басшысы Ренат Нәбиев.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив