KZ
Өскемен
+9°
переменная облачность жел 1 м/с, С
481.84 531.33 5.07

Өскеменге мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Алексей Ягудин келді

10.01.2019, 09:01 268


Бүгін Өскемендегі Б.Александров атындағы Спорт сарайында даңқты мәнерлеп сырғанаушы, 2002 жылғы Солт-Лейк-Сити Олимпиадасының чемпионы, Әлем біріншіліктерінің төрт дүркін жеңімпазы, ресейлік Алексей Ягудиннің қатысуымен «Қар патшайымы» деп аталатын мұз айдынындағы шоу өтеді. Салтанатты шара алдында ресейлік экс-спортшы БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді.


Сонымен қатар бүгін мәртебелі мейманның қатысуымен шығысқазақстандық жас мәнерлеп сырғанаушыларға арналған шеберлік сағаты да ұйымдастырылуы тиіс.


Айта кетейік, Алексей Ягудин Өскемен қаласына ат басын тіреген Олимпиада чемпионы деген атағы бар бірінші мәнерлеп сырғанаушы. Бұған дейін Шығыс Қазақстанның орталығына дәл осындай атақтары бар саңлақ келіп көрмепті. Мұны баспасөз мәслихаты барысында облыстық мәнерлеп сырғанау федерациясының спорттық директоры Виктор Вовченко мәлім етті.


– Өскеменде мұндай ауқымды шараның өткізілуіне, оған басқа емес, Олимпиада чемпионы Алексей Ягудиннің өзі келіп, жас спортшылармен бірге сахналандырылған қойылымға қатысуына «Казцинк» компаниясы ерекше атсалысты. Біз осындай жобалар арқылы Өскемен мен Шығыс Қазақстандағы мәнерлеп сырғанау спортының дамуына тың серпін беруге болатынына сенеміз. Сол үшін бұл спортқа жан-тәнімен берілген адамдарға, барлық демеушімізге алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – деді В.Вовченко.


Айта кетейік, бүгін кешкі сағат 17.30 шамасында басталатын шоуға жергілікті мәнерлеп сырғанау секцияларының 4 пен 12 жас аралығындағы тәрбиеленушілері қатыспақ. Осы ретте, ұмытылмас шараны өз көзімен көруге мүмкіндік алған көрермендердің басым көпшілігі де балалар екенін айта кеткен жөн. Олардың ішінде жергілікті мектептердің оқушылары, балабақшалар мен балалар үйлерінің тәрбиеленушілері де бар. Ұйымдастырушылар мүмкіндігі шектеулі балақайларды да шақыруды ұмытпапты.


Әрине, қазірдің өзінде шараның ең қызықты тұсы Алексей Ягудиннің орындауындағы қойылым болатыны түсінікті.


– Шынымды айтсам, маған аталмыш шоуға қатысу жөнінде ұсыныс келіп түскенде, бірден қолыма картаны алып, Өскемен деген қаланың қай жерде орналасқанын іздей бастадым. Жалпы, өз басым саяхаттағанды, жаңа жерлерге, барып көрмеген қалаларға сапар шегуді жақсы көремін. Сондықтан, бірден келісімімді бердім. Бұл бірінші себеп. Ал екіншіден, мен де бала болдым, конькиге енді ғана тұрған балақайлар үшін Олимпиада және Әлем чемпионын өз көзімен көру, онымен бір сахнада өнер көрсету қаншалықты рух пен күш-жігер беретінін жақсы білемін, мұндай өзімнің де басымнан өткен. Осындай шаралардың арқасында мен де кезінде спортқа шындап ден қойып, ақыры дүниежүзі таныған спортшыға айналдым. Барлығымыздың да мақсатымыз бір, ол – жастарға және балаларын қай спорт секциясына берерін білмей жүрген жас ата-аналарға мәнерлеп сырғанаудың бар кереметін паш ету. Ертең осындай мән-маңызы зор акциялардан кейін сіздердің өңірлеріңіз бен елдеріңізден де Олимпиада ойындарының жүлдегерлері шығып жатса, бұл менің де жеңісім болады, – деді Алексей Ягудин.



Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив