ШҚО-да 400-ге жуық қызға папиллома вирусына қарсы вакцина салынды
pexels.com
Вакцинация ата-аналарының келісімімен, мектептер мен медициналық ұйымдардың егу кабинеттерінде жүргізіледі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ШҚО жоғары оқу орындарының бірінде дәрігерлер педагогтерге адам папиллома вирусының қауіптілігі және одан қалай қорғануға болатыны жайында семинар өткізді.
Жатыр мойны обыры - вакцинация арқылы алдын алуға болатын жалғыз онкопатология. Семинар барысында ШҚО Көпсалалы онкология және хирургия орталығының маммология және онкогинекология бөлімшесінің меңгерушісі Серік Мұхамеджанов атап өткендей, Қазақстанда қолданылатын "Гардасил" вакцинасы әлемнің 140-тан астам елінде тіркелген және белсенді қолданылады.
ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сауле Слямгазинаның айтуынша, вакцинация басталғаннан бері 10 күнде 396 қыз вакцинаны алған. Вакцинация ата-аналарының келісімімен, мектептер мен медициналық ұйымдардың егу кабинеттерінде жүргізіледі.