KZ
Өскемен
+2°
небольшой проливной дождь жел 5 м/с, Ю
495.2 522.34 4.94

Аягөз даласының тарихы - "Әулие қыз" бұлағы жайлы не білеміз

2.12.2020, 18:28 8 040

Табиғат - ананың, Жер - ананың адамзатқа берер байлығы ұшаң теңіз! Ұлы Абай да табиғаттың небір әсемдігін құбылысын, тылсым құпиясын жырлаған емес пе. Әрі оны адам өмірімен сабақтастыра отырып, аялап, сүюге үндейді.

ХIХ ғасырдың орта тұсында Қоянды жәрменкесіне мал-мүлік саудалаған Садыр-Матайдың бір байының қызы қайтар жолдарында айықпас дертке шалдығады. Сырқатынан жазылмасын сезген қыз әкесіне төмендегідей өтінішін айтады:

- Әке, жәрменкеге бет алған жолымыздағы ат шалдырған бұлақ басына жеткенімізде мен бұл дүниеден өтемін. Тағдырдың жазуына беліңізді бекем буыңызда, денемді сол бұлақтың басына жерлеңіздер, - дейді.

Айтқанындай ұзын жол үстіндегі бұлақ басына жеткенде қыз көз жұмады. Аяулы қызы қайтыс болғаннан соң әкесі өтініш аманатын орындап, сүйегін бұлақ басына жерлейді. Алайда, күз бен қысқа қабаттасқан мезгілінде қызының басына мәңгілік үйін тұрғызуға әкесінің мүмкіндігі болмағандықтан, оны келер жылы тұрғызуға бекініп аттанады.

Сол жылдың қысында Жорға жерінің сай-саласы мен қырына бір топ аңқұмар саятқа шығады. Олардың сапында өз заманының серісі, сөз шешені төленгіт ішінде Қанайдан тарайтын Айнаң атты адам да болатын. Бірде ол серіктерімен бірге аң қуу қызығына түскен топтан бөлініп қырдың қызыл түлкісін жүйрік атымен індете қуған сері қырдың қызыл түлкісі жалт бұрылғанында бұлақтың желке тұсындағы жартасты биіктен төменге құлайды. Алайда, ат екпінмен жоғарыдан төменге ұшқан оның дене мүшелерінің бірі де зақымданбай аман қалады. Өзінің амандығына таңданыста болған саяткер сері серіктеріне:

- Менің мына биіктіктен аман қалуыма бір күш әсер етті. Сірә, мына бұлақ басына жерленген адамның аруағы, киесі қорғаса керек, - депті.

Мұнан соң ол көпшіліктен бұлақ басына жерленген қыздың жерлену тарихына қанығып, қыз басына мәңгілік үйін салуға ниеттенеді. Көктем шығып жер аяғы кеңіген кезде серіктеріне берген уәдесіне орай ел адамдары күшімен қыздың басына мазар салады. Ал мұнан қыз әкесі мүлде хабарсыз еді.

Көп ұзамай қызының басына «үйін» тұрғызбақ ниетте, әкесі елінен адамдары мен құрал саймандарын көліктеріне артып, малын айдап өткендегі бұлақ басына тоқтайды. Алғашқы сәттен-ақ назары өткен қарлы күзде өз қолымен жерлеген қызының басына еңселі белгі-мәңгілік үйінің тұрғызылғанын көріп аң-таң болады. Ел адамдарынан сұрастыра келіп, мұндай ғанибетті шаруаны Айнаңдай серінің атқарғандығына қанығады. Мұнан соң, саудагер бай өзінің ризашылығын білдіруі ретінде мәрттікте айдаған малын Айнаңа тарту етеді.

Алайда, сері он екі мүшесі аман күйде тірі қалғанына тәубәшілікте саудагер байдың сыйынан бас тартады. Серінің қарсылығына қарамастан қыз әкесі малын еліне айдап қайтпайтынын білдіруімен, жаны олжаға қалған

серіге қызының басына еңселі белгі тұрғызуға атсалысқан ел адамдарына таратып беруін сұрайды.

Жоғарыда баяндаған жайттарға қатысты айтпағымыз Айнаң құлаған биік кейінен «Айнаң ұшқан», қыз жерленген бұлақ басы «Әулие қыз» бұлағы атанады.

Ия, атаулары тарихымен сабақтас мұндай жерлер еліміздің әр түпкірінен кездестіруге болады. Ендеше, мақаламызға өзек болған «Әулие қыз бұлағын» сол санатқа жатқызғанымыз жөн. Ал бұлақтан үш арна тауып ағатын қызыл, көк және ақ судың шипалығы ғылыми түрде Қазақстан энциклопедиясына төмендегідей дәлелдеумен берілген:

«Әулие бұлақ /Әулие қыз. Автор/ - ШҚО Аягөз ауданы Баршатас елді мекенінен батысқа қарай 110 км жердегі Жор, атауының солтүстік беткейінен ағып шығатын шипалы қайнарлар. Таудың кварцит және порфирит жыныстарының тектоник жарылымы бойымен жер бетіне шыққан үш бұлақ қосылып (ағын мөлшері 017л/с) жылға болып ағып жатады. Суының дәмі қышқылтым (рН = 3), температурасы 6-9*С, минералдылығы 0,7-0,9 г/л,химиялық құрамы сульфатты магнийлі. Суында темір (90-100 мг/л), алюминий (15- мг/*л), мыс (4,3 мг/л) т.б. бар.

Бұлақ суынан көмірқышқыл газ шығады. Ә-тың суы химиялық құрамы жағынан Карелиядағы әйгілі «Марциал су» курортының шипалы бұлақтарына өте ұқсас. Суы қан толтыру, қан айналымын жақсарту мақсатында пайдалануға болады», - деп Ф.Қабиев жазады.

Ия, ел іші алтын кеніш деген емес пе. Марқұм Мыңғышбай емші сынды көне көздеріміздің Әулие қыз бұлағының суының емдік қасиеті кітап бетінде жазылғандардан бөлек асқазан, бүйрек аурулары мен сыртқы жараны жазуға пайдасы зор екендігін де құлаққағыс ететін.

Жоғарыдағы мән-жайларды оқырмандар назарына ұсынуым Шығыс Қазақстан облысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға аса маңыз беріліп, қаражат қаратылып отырған кезде киелі орындардың қатарына саналатын Ақтас тауындағы «Қоңыр әулие» үңгірінің су құрамы ғылыми түрде зерттелмеседе әлгінде тарихын тілге тиек еткен Әулие қыз бұлағының қасиеттілігі деңгейлес болғандықтан, алдағы күндері саяхатшылардың да баратын орыны санатында шығыстың туристік картасына белгілеу қажеттігін білдіру. Мұнымен туған өлке, туған жер әр қазақ үшін ең бір қымбатты құндылық саналатындықтан бүгінгі заманымызда өзіміздің кім екенімізді, қадір-қасиетімізді, ұрпақтар сабақтастығындағы жауапкершілігіміз бен орнымызды басқаларға да танытып ой-санасынан өткіздірту, пайымдату.

Бұл бағытта осыдан 13 жыл бұрын қадам жасалғанды. Ол «Әулие қыз» бұлағына саяхатшылар мен сырқатына шипа іздеген жандар баратын, яғни сауықтыру кешеніне айналдырылуында кәсіпкер Алтынбек Мұхамедияұлы Әлпиевтың оң ниеттегі жоспарлары асқақ еді. Өкініштісі, Оспанқұл Меңаяқұлы сынды текті атаның ұрпағы, Атымтай жомарт азамат Алтынбек қапылыста мерт болып, арман мақсаттарын жүзеге аспады.

Ия, адамзаттың уақыт пен кеңістік заңдылығына бағынбасына не шара. Осын-ау тынымсыз тіршіліктің бүкіл қозғалысын данышпан Абай асқан тереңдікпен «Дүние-үлкен көл, заман соққан жел, алдыңғы толқын-ағалар, кейінгі толқын-інілер» деген тамаша нақылы аясына ғажап сидырған емес пе.


Ермек Тұрсынұлы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу