Туберкулезбен ауыратын адаммен қатынаста болсаңыз не істеу керек?
Фото: gemotest.ru
Туысыңыз, досыңыз, әріптесіңіз, жай танысыңыз туберкулезбен ауырғанын білсеңіз, ең алдымен, ол адамға қолдау көрсетіңіз, ол бұған кінәлі емес.
Туберкулез - бұл жұқпалы ауру, онымен кез-келген адам ауырып қалуы мүмкін. Ұзақ уақыт бойы нашар желдетілетін бөлмеде науқаспен байланыста болғандар инфекцияның үлкен қаупіне ұшырайды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша, егер науқаспен осындай байланыста болсаңыз, дереу тұрғылықты жеріңіздегі фтизиатрға хабарласыңыз. Ол бірнеше қарапайым диагностикалық процедураларды тағайындайды:
- өкпенің рентгенографиясы;
- қан, зәр анализі;
- диаскинтест/квантиферон сынағы (ересектерге), Манту (балаларға);
- фтизиатрда бақыланады және әр алты ай сайын тексеруден өтеді.
Егер сізге бактерияларды жұқтырғаныңыз жайлы айтса, үрейленбеңіз. Сізге профилактикалық химиотерапия тағайындалады. Сіздің денеңізде аз мөлшерде туберкулез бактериялары өмір сүреді, олар зиян келтірмейді. Дененің қорғаныс жүйесі (иммундық жүйе) оларға қандай да бір проблемалар туғызуға мүмкіндік бермейді. Сіз өзіңізді қалыпты сезінесіз, ауырмайсыз және ешкімге жұқтырмайсыз. Ал егер иммунитет төмен болса, немесе басқа сырқатпен, әсіресе АИТВ, қант диабетімен ауырсаңыз, онда инфекция ауруға айналуы мүмкін.
Науқас емдеуді аяқтаған соң бір жылдан кейін есептен шығарылады. Туберкулезге қарсы емделіп жатқан немесе емделген науқас бактерияларды таратпайды, яғни айналасындағылар үшін қауіпсіз.
Жанаргүл Мұқатай