KZ
Өскемен
+16°
пасмурно жел 4 м/с, В
479.05 534.57 5.17

Глубокоелықтар ет пен көкөністі молынан жеткізді

5.10.2020, 12:00 254

Облыс орталығында осымен екінші мәрте сенбілік демалыс күнінде Fresh Market сауда-логистикалық орталығының арнайы сауда алаңында ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілді.

Басты мақсат – азық-түлік өнімдері бағасын барынша тұрақтандыру екені белгілі.

Бұл жолғы жәрмеңкені ұйымдастыру Өскемен қаласының іргесіндегі Глубокое ауданы фермерлерінің еншісіне берілді. Сауданың қызған шағында жәрмеңкені жұртшылықпен бірге облыс әкімінің салалық орынбасары Ержан Нұрбаев та аралап, азық-түлік өнімдерінің бағасымен танысты.

Атап өтейік, Глубокое ауданының кәсіпкерлері елімізде коронавирусқа қатысты карантиндік шаралар енгізілгелі бері бірінші рет жәрмеңкеге қатысып отыр. Қалаға жақын болғандықтан ба, аудандағы шаруа қожалықтарының жетекшілері ет пен ет-сүт өнімдерін, көкөніс дақылдарын молынан жеткізгені бірден көзге байқалды. Фермерлер өскемендіктер үшін жәрмеңкеге 14 бас сиыр етін, 7 бас жылқы, 8 бас қой және үш бас шошқа етін алып келіпті. Мұның сыртында құс етін әкелгендер де болды.

– Бүгін екінші рет өтіп жатқан жәрмеңкеге ауданымыздың ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер өз өнімдерін жеткізді. Таңертеңгі сегізден басталған саудада өскемендіктер мен қала қонақтары ет, сүт, нан өнімдерін, бақша дақылдарын, жеміс-жидекті, табиғатымызға сай әзірленген орман өнімдерін сатып алып жатыр. Барлық өнімдер базар нарқынан 10-15 пайыз төмен бағамен ұсынылуда. Жәрмеңкеге ауданның барлық ауылдық округтері қатысып жатыр, – деді Глубокое ауданы әкімінің орынбасары.

Расында да бұл күні жылқы, сиыр, қой еттері келісі – 2100, құс еті – 1350 теңгеден сатылды. Оның үстіне сауданың аты сауда емес пе, қолма-қол саудада кәсіпкерлер түске қарай алушылардың жағдайына қарай бағаны бұдан да арзандата түскенін байқадық. Көптен бері жәрмеңке болмағандықтан ба, әлде алдағы қыраулы қысқа дайындық па әйтеуір қалалықтар етті тұтастай санымен, картоп пен пиязды және орамжапырақты қабымен арқалап әкетіп жатты.

Глубокоелықтар ауданнан жарты тонна бал да әкеліпті. Омарташылар тіл үйірер тәтті өнімді келісін – 1200 теңгеден ұсынды. Мәселен, «Инжечик» ЖК жетекшісі Анатолий Олегович жәрмеңкеге бұрынан қатысып келеді әрі соңғы бес жылдан бері бал бағасына бір тиын да қоспаған. Ол өзі әкелген 100 келі балдың бүгін толық өтіп кетеріне бек сенімді.

Ал өскемендіктер болса, қалтаға соқпайтын бағаға қажетті өнімдерін таңдап алғандарына разы.

– Өткен аптада жылқының етін базардан бір келісін бұдан әлдеқайда қымбатқа сатып алған едім. Бүгін дәл сондай етті 2100 теңгеден алдым. Саудалассаң тағы да түсіретін ой бар. Жәрмеңкенің қайта жанданғанына өз басым әбден разымын. Менің ойымды өзгелер де құптайды деген ойдамын, – дейді қала тұрғыны Майра Әлкенова.

Айта кетейік, қазіргі пандемия жағдайына байланысты енгізілген санитарлық нормаларға өнім әкелушілер де, сатып алушылар да түсіністікпен қарап, арақашықтық сақтала отырып сауда жасалды. Барлық сатушылар бетперде қиіп, қолғаппен жұмыс істеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив