KZ
Өскемен
-5°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОШ
506.43 522.43 5.28

Жұмысшы мамандықтарға деген сұраныс жоғары (Видео)

Бүгін, 14:30 64 Төлеуғазы Жансая

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялағаны белгілі. Осыған орай, елімізде жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеруге бағытталған кешенді іс-шаралар қолға алынды. Жер-жерде үлкенді-кішілі кәсіпорындардың өкілдері университет, колледждердің студенттерімен кездесіп, оларды жұмысқа шақыруда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Сондай кездесулердің бірі бүгін Өскемендегі құрылыс колледжінде өтті. Кездесуге қатысқан «KAZ Minerals» және «ҮМЗ» компанияларының өкілдері жастарға аталмыш өндіріс орындарында еңбек етудің артықшылықтары туралы айтты. Басқосуға, сонымен қатар Amanat партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Аманбай Нұркенов те қатысты.

– Ұлттық статистика бюросының дерегіне сенсек, былтыр елімізде еңбеккке қабілетті 9,6 миллион адам болған. Соның 2,3 миллионы жұмысшы мамандығы бойынша еңбек етеді екен. Жалпы, жұмыс істейтін қазақстандықтардың жартысынан астамында кәсіптік немесе техникалық білімі бар. Бұл жұмысшы мамандықтары еліміздегі еңбек нарығының негізі болып қала береді деген сөз. Өкінішке қарай, қазір жастарымыздың көбі кеңседегі жұмысты таңдайды. Әлбетте, бұл бірқатар салада кадр тапшылығын туындатады. Мәселен, қазірдің өзінде энергетика, құрылыс, машина жасау салаларына маман жетіспей жатыр. Ал 2030 жылға қарай елдегі жұмысшы кадрлардың қажеттілігі 1,6 миллион адамнан асуы мүмкін. Сондықтан Үкімет жұмысшы мамандарды даярлау мақсатында жеті бағыт бойынша 70 қадамнан тұратын құжатты әзірледі, – дейді А.Нұркенов.

Белгілі болғандай, кешенді жоспар аясында еңбек адамының құқығын қорғауға, оның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдаяттардың алдын алуға басымдық берілмек. Жұмысшы кадрлары үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламалары қарастырылыпты.
Аманбай Нұркеновтың айтуынша, мемлекет тарапынан колледждерде жұмысшы мамандықтарды оқытуды қаржыландыру екі есеге ұлғайтылды. Халықаралық талаптарға сай білім беру бағдарламалары енгізілді. Жұмыс берушілер тарапынан да тиісті шаралар қабылданып, жұмысшы кадрларды әлеуметтік қолдаудың корпоративтік тәжірибесін кеңінен тарату, ынталандыру шараларын енгізу жоспарлануда.

– Биылғы 1 қыркүйектен бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру мөлшері ұлғаятын болады. Бір студентті даярлау үшін бұрын 437 мың теңге бөлініп келсе, енді бұл сома екі есеге ұлғайтылып, 912 мың теңгеге жетеді. Жұмысын адал атқарып жүрген азаматтар «Еңбек сіңірген құрылысшы», «Еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері», «Еңбек сіңірген геолог», «Еңбек сіңірген кенші» сияқты наградалармен марапатталады. Бұл Еңбек адамына деген құрмет, себебі Еңбек адамы – Әділетті Қазақстанның негізгі қозғаушы күші болып қала бермек, – дейді Amanat партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары.

Кездесуге қатысқан студенттер келген қонақтарға қызықтырған сұрақтарын қойып, оларға толыққанды жауап алды. Осы ретте жастарды негізінен кәсіпорындарға жұмысқа орналасқан адамға қандай жеңілдіктер қарастырылғаны, еңбекақысының мөлшері мен баспана мәселесі толғандырады екен.
Өскемен құрылыс колледжі директорының оқу-өндірістік жұмыс бойынша орынбасары Бауыржан Жұмабаевтың айтуынша, бүгінде аталмыш оқу орнында 462 студент білім алуда. Колледжде дәнекерлеуші, автослесарь, автоэлектрик, жол-құрылыс техникасының машинисі, құрылысшы сияқты мамандықтар оқытылады.

– Былтыр түлектеріміздің 97,7 пайызы жұмысқа орналасты. Жалпы, біздің шәкірттерімізге деген сұраныс қай кезде де жоғары болған. Себебі, қазір кәсіпорындардың түгелінде дерлік кадр тапшылығы мәселесі бар. Осы ретте біз облыстағы 125 кәсіпорынмен студенттерді дуалды оқыту жөнінде келісімшарт жасасқанымызды айтқым келеді. Бұл бағыттағы жұмысты ары қарай да жалғастыратын боламыз. Жаңа мамандықтар ашып, білім алушылар санын арттыруды жоспарлап отырмыз, – дейді Бауыржан Жұмабаев.

Нұржан Кенжеұлы
Фото: Нелли Петенева
Видео: Ермек Жиенбеков

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу