Қысқы мезгілде пешпен жылыту қауіпсіздігі: негізгі ережелер
Қыс мезгілінде пешпен жылыту тұрғын үй секторындағы өрттің басты себептерінің бірі болып табылады. Әсіресе, демалыс күндері жағдай ушыға түседі, өйткені тұрғындар монша жағады. 2025 жылдың басынан бері облыс аумағында пешке байланысты 33 өрт оқиғасы тіркелді, - деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жылыту маусымында өрттің алдын алу мақсатында құтқарушылардың профилактикалық жұмыстары күшейтілді. Шығыс Қазақстан облысы ТЖД мамандары жүргізген 138 000-нан астам тексеріс барысында пешті пайдалану кезіндегі 17 000-ға жуық өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактілері анықталды.
ШҚО ТЖД мамандары тұрғындарды барынша сақ болуға шақырады. Өрттің алдын алу – мүлікті жалыннан қорғаудың ең тиімді жолы. Пешпен жылыту жүйесі техникалық тұрғыдан дұрыс жағдайда болуы тиіс. Пешті қараусыз қалдыруға болмайды. Оның шамадан тыс қызып кетуіне жол бермеу үшін күніне екі-үш реттен, бір жарым сағаттан артық жақпау ұсынылады. Ұйқыға жатардан үш сағат бұрын пешті жағуды тоқтату қажет.
Әр пештің алдына міндетті түрде 50 х 70 см көлеміндегі металл табақша төселуі тиіс. Бұл ағаш еденді ұшқын мен түскен шоқтан қорғайды. Пешті бензин немесе басқа да тез тұтанғыш сұйықтықтармен жағу қауіпті. Пештің үстінде киім мен шикі отынды кептіруге болмайды. Жиһаз, перде және басқа да жанғыш заттар пештен кемінде жарты метр қашықтықта орналасуы керек. Сонымен қатар, пешті балаларға жағып, қарауды тапсырмау қажет.
ШҚО ТЖД