Үлкен Нарында көлік жуу бекеті ашылды
![](/kz/uploads/posts/iblock/125/1255752e79e2dfe6fdf8274cf472b279.jpeg)
Шілденің басынан бері Үлкен Нарындағы автобекет жанында көлік жуу станциясы жұмыс істей бастады. Жүргізушілер көліккке қызмет көрсету сапасына өз бағаларын беріп те үлгерді.
Автожуу бекеті бұрынғы жылу қазандығы болған ғимаратта орналасқан. Бірер жыл бұрын Дархан Қасымханұлы дейтін жеке кәсіпкер бос тұрған ғимаратты сатып алады. Бұнда көлікке техникалық қызмет көрсету станциясын ашады. Енді міне осында жиырма жасар Эльдар Кенжебекұлы автожуу бекетін іске қосты.
Эльдар Үштөбе ауылының тумасы. 2016 жылы Катонқарағай ауылындағы Е.П.Рыков атындағы орта мектепті аяқтаған. Мектепте оқып жүргенде күрес секциясына қатысып, жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, аудан чемпионы атанған. Мектепті тәмамдағаннан соң, Эльдар Семейдегі спорт колледжіне сырттай оқуға түседі. Кейіннен Күршімде бірер жыл тұрып, балық зауытында жұмыс істейді. Ондағы жұмыс ауыр болса да, спортқа да уақыт тауып, күреспен шұғылдануды жалғастыра береді. Онан соң Эльдар Өскеменге көшіп келді. Мұнда ол танымал «Антей» спортклубына барып, аралас жекпе-жек секциясына қатысып жүрді. Бір жылдан соң Семейге, артынша отбасылық себептерге байланысты Үлкен Нарында тұратын анасының жанына қайтып оралады.
- Спортпен шұғылдануды мен тастған жоқпын, бос уақытымда спорт мектебіне, Қ.Дамитов атындағы орта мектептің спорт залына барып жүремін. Ауылда жүріп маған өз ісімді ашу туралы ой келді. Үлкен бизнес бастауға қажетті қаражат жоқ. Сол себепті көлік жуу бекетін ашудан бастадым. Ары қарай уақыт көрсетеді, - дейді Эльдар.
Ғимаратты тиісті қалыпқа келтіру үшін жас кәсіпкер аз тер төккен жоқ. Алдымен ғимарат ішін күл-қоқыстан тазартты. Көлікті жууға арналған залға су мен электр желісін тартты. Германияда жасалған «Karcher» атты арнайы жуатын құрылғысын сатып алды. Ол көліктің бетіне жұққан кез келген шаң мен кірді тазалауға арналған таптырмас құрылғы.
- Автожжу орнын ашпастан бұрын мен облыс орталығындағы көліктерге қызмет көрсететін бірнеше жерлерге барып, олардың жұмысымен, бағаларымен таныстым. Автокөлікке қызмет көрсету бағасын қаладағыдай емес, қолжетімді баға қойдым.
Жұмысымда маған Руслан Қалмақбаев деген жігіт болысады. Ол агротехникалық колледждің 3 курс студенті. Осыдан былай кілемдер мен паластарды жууды да қолға алайық деп отырмыз, -дейді кәсіпкер жігіт.
Тимур Смағұлов,
Катонқарағай ауданы.