Шығыс қазынашылығы ел бойынша көш бастап тұр
Биыл еліміздің қазынашылық жүйесінің құрылғанына 30 жыл толды. Осыған орай Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының концерт залында Шығыс Қазақстан облысы қазынашылық департаментінің 30 жылдық мерейтойы салтанатты түрде аталып өтті. Жиында қаржы саласының қызметкерлері мен ардагерлерін облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов құттықтады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Осы жылдар ішінде қазынашылық мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалуын және сақталуын қамтамасыз ететін орган ретінде қалыптасып, ел дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша қазынашылық департаменті 12 аудандық (қалалық) басқармадан және департамент аппаратының құрамындағы 11 бөлімнен тұрады. Жалпы, облыс бойынша 148 маман еңбек етеді.
Қазынашылық жүйесінде алғашқы басшылық қызметте болып, облыстың қаржы жүйесінің дамуына елеулі үлес қосқан аға буын өкілдерінің есімдері қазынашылық тарихында алтын әріптермен жазылды. Олардың қатарында Алла Юркина, Айжан Ластаева, Людмила Суспицына, Бағдаш Сапарғалиева, Оксана Проничкина, Бақытқазы Әлмағамбетов, Аманкелді Намазбаев сынды азаматтар бар.
Салтанатты жиында қазынашылық саласының қызметкерлерін Абай облысы бойынша қазынашылық департаментінің басшысы Мұқтар Төлегенұлы, Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік кірістер департаменті басшысының міндетін атқарушы Қазыбек Қойшинов, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Дархан Хайруллин құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Мерейтой аясында Шығыс Қазақстан облысы бойынша қазынашылық департаментінің ұзақ жылдар бойы мінсіз қызмет еткен қызметкерлері облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар, өз саласында ерекше көзге түскен мамандар департаменттің Құрмет грамотасына ие болды.
Кеш барысында өңіріміздегі қазынашылық жүйесінің қалыптасуына үлес қосқан зейнеткер-ардагерлер сахнаға шақырылып, оларға сый-сияпат көрсетілді.
Кеш соңында облыстың өнерпаздары қазынашылық қызметкерлеріне арнап концерттік бағдарлама ұсынды.
Айна Ескенқызы
Фото: Нелли Петенева