KZ
Өскемен
-29°
туман жел 2 м/с, СШ
511.18 530.6 5.28

Өскеменде фотожурналистерге арналған жаңа клуб құрылды (видео) 

Бүгін, 17:00 84 Гульжан Мусина

Өскемендегі А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада белгілі фототілші Есімхан Орынбаевтың құрметіне «Ес-аға» фототілшілер клубының ашылу салтанаты өтті, – деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.  

Шараға Есімхан Орынбаевтың қызы Әсел Есімханқызы, әріптестері, достары, сондай-ақ редакцияда бірге қызмет атқарған журналистер, кітапхананың тұрақты оқырмандары мен студенттер қатысты.  

Облыстық «Дидар» газетінің бұрынғы редакторлары Айтмұхамбет Қасымов, Уәлихан Тоқпатаев, ардагер-журналистер Әлібек Қаңтарбаев, Жұмағазы Игісінов және өзге де қонақтар жылы лебіздерін білдіріп, марқұм Есімхан Орынбаев туралы естеліктерімен бөлісті.  

Қазақстан Журналистер одағының ШҚО филиалының төрағасы Мерей Қайнарұлының бастамасымен құрылған «Ес-аға» клубы, Шығыс Қазақстанмен тығыз байланыста болған белгілі фотограф Есімхан Орынбаевтың 70 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.

Есімхан Орынбаев 1955 жылы Алматы облысы, Ақсу ауданы, Еңбек ауылында дүниеге келген. Иркутск мемлекеттік университетінің фотография бөлімін тәмамдаған.  
1986 жылы Өскеменге қоныс аударып, облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінде қызмет етіп, өмірін фотожурналистикаға арнады. Оның суреттерінде түрлі мамандық иелері, тарихи оқиғалар, маңызды сәттер ерекше шеберлікпен бейнеленген. Өз ісінің хас шебері, жайдары мінезді әрі қалжыңқой адам болған ол әріптестері арасында «Есаға» деген атпен танымал еді.  
Фототілшінің артында Шығыс Қазақстанның тарихын бейнелейтін бай фотоқоры қалды.  

Клубтың басты мақсаты – фотожурналистикаға қызығатын жастарға кәсіби білім беріп, олардың қабілеттерін шыңдау. Мұнда қатысушылар фотопортрет, пейзаж, фоторепортаж, фотоочерк түсіру әдістерін меңгеріп, практикалық сабақтарға қатысады.  

Шара барысында Есімхан Орынбаевтың мұрағатындағы құнды фотосуреттер жеке альбом ретінде жарық көретіні де айтылды.  

Серік Құсанбаев

Фото: Аяужан Утеулинова

Видео: Евгений Щетников

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу