Ұрынқай ауылында апатты мектептің орнына жаңа мектеп салынатын болды - ШҚО
ШҚО-ның Ұрынқай ауылындағы апатты мектептің орнына жаңа білім ошағы салынады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі QAZAQSTAN ұлттық арнасына сілтеме жасап.
Бұған дейін мұндағы оқушылар 1964 жылы ағаштан салынған, ал соңғы 6 жылдан бері апаттық жағдайда тұрған ғимаратта білім алып келді. Мектепті жаңалауға мүмкіндік болмады. Өйткені кезінде осы ауылға тиесілі 60 гектар аумақ орман қорына кіріп кеткен. Ал мұндай жерде құрылыс жүргізуге болмайды.
Ауыл тұрған жер орман қоры қарамағынан елді мекенге берілді. Енді жергілікті билік өкілдері Күршім ауданындағы Ұрынқай аулында 80 орындық жаңа мектеп салуға қамданып жатыр.
- Жер мәселесі шешілгеннен кейін облыстық бюджеттен 5 млн 55 мың теңге қаражат бөлініп, жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Құжаттар дайын болғаннан кейін құрылыс жұмыстарына қаражат бөліну бойынша бюджеттік өтінім облыстық құрылыс басқармасына жіберілетін болады, - дейді Күршім аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы Жанболат Жәмелхан.