«Сүт тегін» немесе ауылдағыларды қалай қанауға болады?
Облыстағы сүт зауыттары өңдеуге қажетті сүтті жергілікті халықтан «арзан» бағаға алады. Тұрғындар: «зауытқа өткізген бір литр сүттің ақшасына дүкеннен бір бөлке нан тимейді» деп шағымданады.
Халық қалаға неге «қашады»?
Ұлан ауданы Алмасай ауылының тұрғыны Алмагүл Тұңғышбаева «төрт баласын төрт сиырдың сүтінен түскен ақшамен асырап» отыр. Бұл үйде сиырдың сүтінен басқа табыс көзі жоқ.
– Таңертең – 12, кешкісін 17 литр сүт шығады. Оны, шамамен, екі-екі мың бес жүз теңгенің айналасында «сутегін» бере саламын. Ал зауыттар бізден жиып алған сүтті (бір литрін) 260 теңгеден бастап, 500 теңгеге дейін сатады, – дейді Тұңғышбаева. Есептеуінше, дүкенде, өзі өткізгендей, 30 литр сүт кем дегенде 8 500 теңгеге сатылады.
Ал Райгүл Мейірбаева 12 сиырын шағын несиемен алған. «Сүттен түскен ақшаны малдың өзінің несиесіне төлейміз. Одан аспайды. Отағасы жалдамалы жұмыстарға кеткенде сиырды түгел сауып та ала алмаймын» деген ол бүгін жеті литр сүт өткізді. Ал «үш сиыр сауатын» көршісі 18 литр сүт тапсырды.
Тұңғышбаева мен Мейірбаеваның сүтті іргедегі Өскеменге апарып сатуға көлігі жоқ және мал мен баладан шығуға уақыты да тапшы. «Әйтпесе қалалықтар ауылдың сүтін 200 теңгеден сатып алуға дайын».
Тұрғындар сөзінше, күзде тырбанып шөп жинап, қыс бойы малдың астын тазалап, оны күтіп-баптап, ала жаздай егінге түсірмей, ұрыға қақтырмай баққан еңбектің қайтымы – «қалалы жерде тап-таза ғимараттарда жұмыс істеп, айлық алғанмен» бірдей.
– Мал бағу сондай оңай шаруа болса, елдің бәрі ауылға келіп тұрар еді. Таңғы төрттен кешкі сағат 9-10-ға дейін мал соңында салпақтап жүргендердің еңбегі лайықты өтелгенде ғана ауылға адам тұрақтайды, – дейді тағы бір тұрғын Гаухар Рыспаева. Оның отбасы негізінен Марқакөл өңірінен. Қалаға жақын ауылға кейін көшіп келген.
Бір алыпсатардан – екінші алыпсатарға
Алмасайлықтар сүтті «Эмиль» зауытына өткізеді. Нақтырақ айтсақ, зауыт пен тұрғындар арасындағы екі алыпсатарға тапсырады.
Аталмыш зауыттың газетке берген жауабы бойынша, «Эмиль» – күніне 100 тоннадан астам шикі сүтті өңдейтін өңірдегі ірі өндіруші. Зауытты негізінен тоғыз шаруа қожалығы қамтамасыз етеді. Қосымша қарапайым халықтың сүтін жеткізумен «Молочный Экспресс» ЖШС айналысады». «Эмильдің» жеткізушілерге тағайындаған бағасы – (бір литр) 110 теңге.
«Молочный Экспресс» ЖШС-нің жеткізетін сүті «Эмильге» қажеттінің 20 пайызына тең. Олар кейбір ауылдарға өзінің көліктерін жөнелтіп отырса, кейбір ауылдардағы «молоковозы» бар адамдармен шарт жасасады. Яғни тағы бір алыпсатарға жүгінеді. Кәсіпорынның директоры Талғат Мұқанов тікелей өзі жинайтын ауылдан да, өзіне жеткізіп беретін алыпсатарлардан да сүтті 85-90 теңгеден сатып алатынын айтады. «Ауыл тұрғындары су қосады. Бұған дейін 100 теңгеге татитындай майлы сүтті тапсырған емес», – дейді ол.
Енді неліктен алмасайлықтар «баға төмен» деп шағымданады, соған келсек.
Осы ауылдың тұрғыны Бағлан Бектембаевтың жеке «молоковозы» бар. Ол ауылдан 75 теңгеден сүт жинайды да, «Молочный Экспресске» өткізумен айналысады.
– Кәсіпорынмен келісімшарт арқылы жұмыс істеймін. Жеке кәсіп иесі ретінде саналатындықтан, жол шығыны, көліктің өзге де сайманы – барлығы өз қалтамнан. Халықтан алған сүтті үстіне 10 теңге қосып сатамын, – деді ол.
Бағлан Бектембаевта сүттің майлылығын тексеретін аспап жоқ. Оның керегі де жоқ. Себебі «Молочный Экспресс» әр тапсырушының сүтін майлылығына қарай жеке-жеке қабылдамайды.
– Сүттің литрін 90 теңгеден артық өткізіп көрген жоқпын. Кәсіпорынның лаборанттары әкелген сүтімнің майлылығын осы уақытқа дейін 2,7-2,8 пайыз деп көрсетіп келеді. Одан асқан емес, – деген ол «бұдан артық ешнәрсе айтпайды». Себебі «тауып отырған нанымнан айырылып қаламын» деп қорқады.
«Молочный Экспресстің» директорының айтуынша, «Эмильмен» тікелей жұмыс істейтін шаруа қожалықтарының сүтінің майлылығы төрт-бес пайыз. «Олар сенімді, су қоспайды. Таза сүтті алып келеді» екен.
Айта кетейік, «Молочный Экспресс» ЖШС-нің директоры біздің сүтті қабылдау процессін көруімізге рұқсат бермеді. Нақтырақ айтсақ, «Эмиль» ЖШС-нің басшысы келіскен жоқ», – деді ол.Әкімдік пен департаменттің «қатысы жоқ»
Ұлан ауданы бойынша сүт жинайтын 13 пункт (адам) бар. Ал басқа ауылдардан «Молоко Экспресс», «Восток Молоко», «Багратион Ұлан» кәсіпорындары тікелей өз көліктерін жіберіп жинап алады. Аудан әкімдігі берген ақпаратқа сенсек, ауылдардан 10 мың тоннадан астам сүт алынады.
– Сүт қабылдау бағасы жазда – 85, қыста 100-110 теңгеге көтеріледі. Бұл әрине халық үшін төмен баға. Осыған орай пункттер мен кәсіпорындардың басшыларымен кездесу өтті. Олар жұмысшылардың айлығы, техниканы жөндеу шығыны, салық төлемдері сынды бірнеше фактор бағаны көтеруге тиімсіз екенін айтады. Жалпы зауыттар халықтан сүтті қанша теңгеге алады – оған біздің қатысымыз жоқ, – деп жауап берген аудан әкімдігі алдағы уақытта кәсіпорындармен меморандум жасасуды көздеп отырғанын айтады.
Бұл бағаны Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің облыстық департаменті де реттей алмайды.
– Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сүт өнімінің барлық түріне (сүт, айран, ірімшік) қойылатын баға реттелмейді. Зауыт пен халық өзара келіседі, – деді департамент басшысы Людмила Устьянцева.
Тексеріс тоқтаған
Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті қазіргі уақытта сүт зауыттарының өнімдерін тексере алмайды. Себебі елдегі крантинге байланысты прокуратура тексеру жұмыстарын жүргізуге шектеу қойған. Қашан рұқсат етілетіні белгісіз. Оған қоса жуықта облыстағы карантин мерзімі тағы ұзартылғаны мәлім.
Департаменттің қойылған шектеуге дейін, 2019 жылы жүргізген тексеруінің нәтижесінде өңірдегі төрт өндірушінің өнімдерінен қауіпсіздік талабының бұзылғаны анықталған. Олар: «Эмиль», «Восход Молоко», «Қалиханұлы» және «Уранхай» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. «Соның ішінде «Эмиль» ЖШС өндіретін «Крестьянское» кілегейлік майы қауіпсіздік талабына сәйкес келмеді, алайда бұл өнімнің барлық партиясы сатылып кеткендіктен әкімшілік шара қолданылмады», – деп жазылған мекеменің ресми жауабында.
Статистика департаментінің мәліметіне сенсек, біздің облыс сүт өндіруден республика бойынша алда. Кейінгі бес жылда өнім мөлшері 20,5 пайыз (789,5 тоннадан 951,4 тоннаға) көбейген.
«Молочный Экспресс» ЖШС Катонқарағай ауданындағы Үлкен Нарын, Көкбастау, Солоновка, Малонарым, Алтынбел елдімекендерінен де сүтті қарқынды жинай бастады. Ұлан ауданындағыдай арада тағы бір алыпсатар жоқ, дегенмен ол жақтағы баға да 75 теңге. Мұны өздері жолдың алыстығымен түсіндіреді.
Глубокое ауданынан да «Восток Молоко», «Эмиль», «Багратион» сынды зауыттарға қажетті сүт жиналады. Барлығының бағасы қарайлас.
– Сүттің жайы қиын болып тұр. Бір литр сүтімізге ең құрығанда бір бөлке нан сатып ала алсақ қой. Қазір дүкенде нан 100 теңге. Айтқандайын, халықтың сүті 2,8 пайыз ғана болса, сүт зауыттары 6-6,2 пайыздық сүттерді қайдан шығарып жатыр? Олар керісінше түрлі қоспа қосады емес пе? – деген алмасайлық Гаухар Рыспаева ештеңеге түсінбей дал болғанын айтады.
Айта кетейік, «Эмиль» ЖШС-нің 2,5 пайыздық сүті дүкендерде – 325 теңгеге, ал төрт пайыздық сүті 395 теңгеге бағаланған.