KZ
Өскемен
-20°
туман жел 1 м/с, С
515.31 533.96 5.3

Өскемен мейрамханаларында ас беріліп жатыр. Комиссия тексеру жүргізді

29.05.2020, 09:27 103

Өскемен әкімдігіне әлдебіреулер хабарласып, қаладағы "Нұржау" мейрамханасында бүгін ас берілетінін айтып шағымданған.

Дегенмен елдің бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова қоғамдық тамақтану орындары мен дәмханаларда 30 адамға дейін қабылдауға рұқсат берген. Бірақ тиісті ережелер орындалуы қажет. Ең бастысы - әлеуметтік қашықтық сақтау.

Шағымнан кейін Кәсіпкерлікті дамыту бөлімі, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, құқық қорғау органдарының өкілінен құралған мониторингтік топ аталмыш орынға дереу жетіп, шағымның жөн-жосығын, бас санитар дәрігердің қаулысының сақталу-сақталмауын тексеріп қайтты. 

Мейрамхана сырты

Мониторингтік топ діттеген жерге барғанда, мейрамханада расымен ас берілгелі жатыр екен. Әзірленген дастархан 30 адамға емес, 100 адамға шақталған. 10 үстелдің әрқайсысында 10 орындықтан.

Дегенмен мейрамхана иесі Айгүл Қалиева асқа келушілерді асқа 2-3 ағым бойынша кіргізілетінін айтады. Яғни, әуелі 30 адам, кейін олар шыққан соң 30 адам кіргізіледі. 

- Біз тек 30 адамға ғана жасай алмаймыз, алдын-ала дайын болсын деп қосымша дастархан жайып қойдық. Сақтық, санитарлық шаралардың барлығы сақталады, - деп түсіндірді "Калиева" ЖК иесі Айгүл. 

 

Қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары мейрамхан иелері қаншалалықты санитарлық талаптарды сақтап отырғанын тексеріп, алдын алу шараларын түсіндірді. Сонымен бірге, бір үстелде 10 орындық емес, 4-5 орындық болуын талап етті. Себебі қаулыда арақашықтық 2 метр болуы тиіс деп көрсетілген. 

Мейрамханада санитайзерлер, антисептиктер, хлорлы дәрілер бар, қызметкерлердің барлығы маска тағып, қолғаппен жұмыс істеп жүр. 

Сағат тілі 13.00 болғанда, асқа келушілер жиналды. Күзетші әуелі 30-дай қарт адамды кіргізіп, есікті кілттеп жауып, бөгде адамдарды кіргізбей, бақылап тұрды.

Бұл уақытта сыртта тағы бір топ адам, 1-ші лектің астан шығуын күтіп тұрған еді.

Асқа келушілер де арақашықтық сақтап, бір-бірінен алшақ отырып, сырласты. 

Осылайша мейрамхана иесіне шағымдануға негіз жоқтығын мониторингтік топ өз көздерімен көріп қайтты. Егерде қандай да бір негіз болса, сол жердің иесі ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 476-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 АЕК мөлшерінде (26 500 теңге)айыппұл немесе 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынар еді. 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу