«GGG-ді нокаутқа жібере алмайды». Даңқты бапкер Канело туралы пікір білдірді
Халықаралық бокс даңқы залына аты жазылған мексикалық белгілі бапкер Игнасио Начо Беристайн төрт салмақта әлем чемпионы әрі өзінің отандасы Сауль «Канело» Альвареске (53-1-2, 36 КО) қатысты ойын айтты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Мұның алдында тағы бір атақты бапкер Роберт Гарсия «Канело» мексикалық ең мықты боксшылардың бірі ретінде тарихта қалады деп пікір білдірген. Vesti.kz-тің мәлімдеуінше Беристайн бұл пікірмен келіспейді.
«Роберт Гарсияның пікірімен келіспеймін. Оны сыйлаймын, бірақ келісе алмаймын. Сауль мықты боксшы екені сөзсіз, дегенмен, мексикалық ең мықты боксшылардың бірі атануы қиын. Оның боксы көрермендерге ұнайды, алайда ол әлемнің ең үздік боксшысы емес және ешқашан ондай болмайды. Сондай-ақ ол Головкинді ешқашан нокаутқа жібере алмайды. Деревянченко одан қарағанда әлдеқайда мықты панчер, бірақ оның өзі GGG-дің күш-қуатына төтеп бере алмады. Сауль Альварестің Коволевке қарсы жекпе-жегіне қарап отырып, оның панчер емес екенін түсінуге болады», – дейді Беристайн.
Маманның сөзінше, промоутерлер Альваресті қауіпті қарсыластардан қорғаштап, карьерасын биікке көтере алған.
«Альварестің командасы орта салмақта оның карьерасын құртатын кейбір боксшылардан қашатыны орынды, өйткені «Канело» қыруар пайда әкеліп жатыр. Қысқасын айтқанда, Сауль жақсы боксшы, бірақ ең үздік емес», – дейді даңқты бапкер.