Парламент Мәжілісінің төрағасы ШҚО-ға келді
Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин бүгін түстен кейін Шығысқа жасаған сапары аясында облыс әкімі Даниал Ахметовпен бірге Өскемендегі Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде болды, деп хабарлайды Алтайнюьс тілшісі.
Мәжіліс төрағасы білім ордасының қабырғасында өңірдегі жоғары оқу орындарының, колледждердің профессорлық-оқытушылық құрамымен, студенттерімен және ШҚО ҚХА өкілдерімен кездесу өткізіп, соңғы уақытта Мәжілісте жаңадан мақұлданған заңдарға, көптеген заңнамалық актілерге толыққанды түсінік берді.
– Бүгін облысымызға Мәжіліс төрағасы Нұрлан Зайроллаұлы жұмыс сапарымен арнайы келіп отыр. Түске дейін Семейдегі аурухана ғимаратында медицина қызметкерлерімен, одан соң облыс орталығында көпбалалы және аз қамтылған отбасылармен кездесу өткізіп, ашық әңгіме өрбітті. Сіздердей зиялы қауыммен де сондай тағылымды да әсерлі кездесу болады деген сенімдемін, – деді жиынды ашқан облыс басшысы Даниал Ахметов.
– Сіздермен 2020 жылдың басында, өте маңызды кезеңде кездесіп отырмыз. Шығыстың біздің еліміз үшін орны ерекше. Ұлы Абайды, Шәкәрім мен Мұхтарды дүниеге әкелген, қазақ руханиятының орталығына айналған қасиетті де киелі аймақ. Сонымен бірге өнеркәсібі де, ауылшаруашылығы да қатар дамыған, ел экономикасына үлкен үлес қосып келе жатқан, индустриалдық әлеуеті зор өлке. Қазір Парламент дупутаттары еліміздің барлық өңірлерінде сайлаушылармен кездесулер өткізуде. Бүгінгі дәрігерлермен кездесу барысында қазіргі «Денсаулық туралы» кодексті жан-жақты талқыға салдық, – деген Нұрлан Нығматулин өткен жыл еліміз үшін тарихи жыл болғанын, Елбасы тағы бір батыл қадам жасап, билікті өз қалауымен сенімді ізбасарға тапсырғанын, Тұңғыш Президент басқарған отыз жылдың ішінде Қазақстанды бүкіл әлем танығанын атап көрсетіп, енді алда дамыған отыз елдің қатарына кіру мақсаты тұрғанын, бұл игі мақсатты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев лайықты жалғастырып келе жатқанын жеткізді.
Мұнымен қатар ол жаңа Президент халыққа алғашқы Жолдауын жариялап, онда елімізді дамыту, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, әлеуметтік саланы нығайту бойынша нақты бағыттарды айқындап бергенін, оларды іске асыру жолында Сенат пен Мәжілістің барлық депутаттары жұмыла еңбек етіп жатқанын атап өтті.
– Шығыс Қазақстан еліміздің қуатты өңірлерінің бірі. Мұнда инвестиция молынан құйылуда, құрылыс қарқын алып, жаңа өндірістер құрылуда, әлеуметтік нысандар көптеп салынуда. Жақында ғана облыс әкімін қабылдаған Президент аймақта атқарылған жұмыстарға, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жоғары баға берді. Әсіресе, облыс басшысының облыстың ғылымы мен білім беру саласын дамытудағы және өңір медицинасын бұрын-соңды болмаған жаңа деңгейге көтерудегі еселі еңбегі ерекше аталып өтілді. Цифрландыру қарқын алып, облыс заман талабының сұранысына сай дамып келеді. Болашақ білімді жастардың қолында. Сендерге Елбасы да, қазіргі Президентіміз де үлкен сенім артып артып отыр, – деді Нұрлан Зайроллаұлы.
Сондай-ақ ол биылғы жыл мерейтойлар жылы екендігіне де тоқталып, оның ішінде Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде тойланатындығын, барлығы бес жүзден астам іс-шара өтетіндігін, бұл ретте Шығыс Қазақстанның орны ерекше болатындығын айтып, негізгі шаралардың дені осы облыста өтетіндігіне, сонымен бірге Президенттің жуықтағы «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында айтылғандарға жете тоқталды.
Кездесу барысында «Педагог мәртебесі туралы» заң да жан-жақты талқыланып, дәрігерлер мен мұғалімдерге, көпбалалы аналарға, аз қамтылған отбасыларға, студенттерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан әлеуметтік қолдаулар да айтылды. Бұдан бөлек залдағы қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға да жауап берілді.