Аягөз ауданында ардагерлер бас қосатын бөлме ашылды
Аягөз ауданының Мамырсу ауылында ардагерлер бас қосатын бөлме ашылды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бұл бөлме аудан әкімі Ділдәбек Оразбаевтың бастамасымен ашылған екен.
Ауылдық әкімшіліктің ғимараты ішінен кең бөлме беріліп, оны жабдықтау жұмыстары осы жылдың сәуір айында басталып кеткен.
Ауыл ардагерлері бөлмеге Мамырсу ауылының іргетасын қалаған, ашаршылықты да, соғысты да көрген, тылда да аянбай еңбек еткен тұлғалардың суреттерін қоюды жөн көріп, бұл жұмыс жеті ай жүргізілген.
Жуықта ардагерлер бөлмесі салтанатты түрде ашылды. Бөлме тарихи музей түрінде жасалып, үш бөлімге бөлінген. Біреуіне екінші дүниежүзілік соғыс пен Ауған соғысына қатысып, қайта оралмаған ауыл азаматтарының суреттері қойылса, екінші бөлімге совхоз кезінде еңбек етіп, танылған аға буын өкілдері, совхоз, мектеп басшыларының суреттері ілініпті. Үшінші бөлімде - Батыр ана, Алтын алқа, Күміс алқа иегерлері атанған ардақты аналардың суреттері. Жалпы суреттердің саны - 500-ден астам.