KZ
Өскемен
-9°
небольшой снег жел 4 м/с, З
519.28 540.05 5.31

ШҚО-да қой шаруашылығы мен құс шаруашылығына қолдау күшейтілмек

Бүгін, 11:28 62 Төлеуғазы Жансая

Шығыс Қазақстан облысында ұсақ мал басын көбейтуге және құс шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

2024 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 458,5 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 6,6%-ға артты. Өңір экономикасындағы ауыл шаруашылығының үлесі 49%-ға жетті. Ет пен сүт өндірісінің ұлғаюына қарамастан, ұсақ мал саны 1,7%-ға (551,6 мың бас), ал құс саны 6,4%-ға (3,5 млн бас) азайды. Қазіргі уақытта облыста екі құс фабрикасы және жеке қосалқы шаруашылықтар жұмыс істейді. 

ШҚО әкімі Ермек Көшербаев ет және құс шаруашылығы өнімдерін өңдеу жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Қазіргі таңда өңірге бұл өнімдердің айтарлықтай бөлігі басқа облыстардан импортталады. 

– Көрші өңірлермен әріптестікке қарсы емеспін, бірақ біз олардан өзіміз өндіре алмайтын өнімдерді алуымыз керек. Ал өзімізде өндіруге болатын өнімдер сырттан келмеуге тиіс, – деп атап өтті Ермек Көшербаев. 

ШҚО-дағы ең аз ұсақ мал басы Тарбағатай ауданында тіркелді. Аудан әкімі Дархан Жоргекбаевтың айтуынша, оның негізгі себептерінің бірі – жұмыс күшінің жетіспеушілігі. 

Өңір басшысы аудан әкімдері мен жауапты сала жетекшілеріне бір ай ішінде ұсақ мал басын көбейту және құс шаруашылығын дамыту бойынша нақты ұсыныстар дайындауды тапсырды. 

– Біз Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауымыз керек. Мал басын екі есе көбейту – жай ғана цифр емес, бұл аймақта атқарылуға тиіс нақты іс-шаралар жиынтығы, – деді облыс әкімі. 

Экономиканы, соның ішінде ауыл шаруашылығын әртараптандырудың негізгі факторларының бірі – жер ресурстарын тиімді пайдалану. 2024 жылы облыста 120 мың гектар жер қайта айналымға енгізіліп, оның бір бөлігі халыққа бөлінді. 

Облыс әкімі жергілікті биліктің ауыл шаруашылығын әртараптандыру үшін барлық қажетті құралдары бар екенін атап өтті. Алайда, көптеген фермерлер шабындық және егістік жерлерді алу кезінде бюрократиялық кедергілерге тап болып отыр. 

– Көптеген азаматтар жер алудың заңды жолдарын білмейді немесе бюрократиялық жүйеден сескенеді. Бұл мәселеге дұрыс көзқараспен қарасақ, шешімін табуға болады, – деп түсіндірді Ермек Көшербаев. 

Аудан әкімдеріне әр округтегі жағдайды бақылауда ұстау, халықпен тығыз байланыста жұмыс істеу, кооперация мүмкіндіктерін қарастыру және шаруашылықтардың дамуын қамтамасыз ету тапсырылды. 

– Әрбір округтің ахуалы зерттелуге тиіс. Халықпен кездесіп, олардың мәселелерін талқылап, нақты шаралар қабылдау қажет. Біз халық үшін жұмыс істейміз, ал біздің басты міндетіміз – олардың өмірін жақсарту, – деп түйіндеді Ермек Көшербаев.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу