Көпбалалы аналар кәсіп ашуға ден қойып отыр - ШҚО
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында отбасылық бизнесті дамытуға, әсіресе көпбалалы аналардың өз кәсібін ашуға қолдау көрсетуге жіті көңіл бөлгені белгілі. Облыста көпбалалы аналар тарапынан қолға алынған 520 бизнес-жоба 463 миллион теңге мөлшерінде грант алып отыр. Кеше облыс әкімі Даниал Ахметов көпбалалы кәсіпкер әйелдермен жолығып, ашық сұхбат құрды.
Аймақ басшысы сөз басында өз ісін ашып, нәпақасын тауып отырған жекелеген көпбалалы аналардың атын атап, оларды өзгелерге үлге ретінде атап көрсетті. Мәселен, Курчатов қаласының тұрғыны Гүлнәсира Алтаева кіші-гірім дүкен ашып, үй ішін асырап отыр. Семейлік Кочубалар әулетінде 18 бала бар. Олар да кәсіп ашып, бизнеске бет бұрған.
– Көпбалалы аналар – еліміздің тірегі, мемлекетіміздің мақтанышы. Сіздерге мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау шаралары көрсетілуде. Соның бірі – бизнес ашуға, іс бастауға берілетін гранттар мен жеңілдетілген несиелер,– деді сөзінде аймақ басшысы Даниал Ахметов.
Басқосуда сөз алған өскемендік Айгүл Чикенова қаланың Жібек-маталар комбинаты ықшам ауданынан балаларды дамытуға арналған «Знатоки» орталығын ашқанын жеткізді. Олар бүгінгі таңда елу шақты бүлдіршінді қосымша оқытуымен, тәрбиелеумен шұғылдануда. Биыл күзде Қабанбай батыр көшесінің бойынан клубтың филиалын ашыпты. Кәсіпкер келіншек, төрт баланың анасы осы жеткен жетістіктерге мемлекет тарапынан берілген қолдау көп көмек болғанын айтып, облыс басшысына өз атынан алғыс білдірді.
Келесі бір кәсіпкер әйел – Оксана Склярова «Бастау-бизнес» бағдарламасы аясында 500 мың теңге грант алып, тауық өсіруді бастағанын қуана жеткізді.
– Сіздердің бет алыстарыңыз, іске деген ынта-жігерлеріңіз мені қатты қуантады. Өз басымнан айтарым, істі бастағанда қорықпау керек. Әлбетте, қиыңдықтар да кездеседі. Бірақ, олардың бәрін де бірлесе еңсеруге болады деп санаймын. Келер жылы кәсіп ашам деген көпбалалы аналарға грант бөлу үшін 500 миллион теңгенің қаражаты қарастырылып отыр. Облыста «Ақниет» бағдарламасы жұмыс істейді. Ол 8 жылға 6 пайызбен несие береді. Сіздер үшін осы пайыздық мөлшерлемені 4 пайызға төмендетуге әзірміз. Тек жобаларыңызды ұсыныңыздар! – деді осы ретте Даниал Кенжетайұлы.
Бүгінде Шығыс Қазақстанда 26 мың көпбалалы жанұя бар, олардың 5 мыңы мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек алуда. Қалған 21 мыңдай отбасы кәсіп ашуға қауқарлы.
Облыс әкімі қаңтар айында тағы бір мәрте жолығып, нақты ұсыныс-жобаларды қарастыруға уағадаласты.
– Біз көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін бірқатар қолдау шараларын іске асырып келеміз. Оның ішінде бүлдіршіндерді балабақшамен, оқушыларды тегін мектеп формасымен қамту, колледждер мен жоғары оқу орындарына грант бөлу сынды ауқымды жұмыстар бар. Баспанамен қамту ісін бастадық, алдағы 3 жылда құрылыс қарқынын үш есеге арттырмақпыз. Яғни, тұрғын үймен қамту мәселесі де шешімін табады, – деген аймақ басшысы көпбалалы аналарды осы істердің толық атқарылуына бақылау жүргізуді де тапсырды. Облыс аумағында 1892 көпбалалы отбасы пәтер кезегінде тұр. Биыл солардың 593-і қоныс тойын тойлады.
Көпбалалы аналар мен аймақ басшысы арасындағы риясыз емен-жарқын әңгіме барысында нақты мәселелер қаузалды. Айталық, бородулихалық аналар грант есебінен наубайхана ашып жатқандарын жеткізді, бірақ трансформатордан 380 вольттық желі тартуға көмек керек. Жармалық Нұржанат Бірлік ауылында мал шаруашылығымен айналсуды қолға алғанын айтса, катонқарағайлық көпбалалы ана жол бойынан дәмхана ашпақ ойы барын жеткізді. Бесқарағай ауданының Жетіжар ауылынан келген ана наубайхана ашуды көздеп отырғанын айта келіп, аймақ басшысына өз қолымен пісірген тәтті тортты тарту етті. Бородулихалық бір ана облыс әкіміне деп бір добра тоқаш пісіріп әкепті.
Аналардың ақжарма пейіліне риза болған аймақ басшысы тәтті сыйлықтарды балаларға беруді тапсырды.
Жылы кездесу соңынада облыс әкімі барша жиналған көпбалалы аналарды алда келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, оларға алғыс хаттар, гүл шоқтарын, тәттілер салынған себет және қалта телефондарын тарту етті.