KZ
Өскемен
+1°
снег жел 7 м/с, Ю
529.99 546.63 5.21

Өскеменде орыс тілді көңілді тапқырлар ойыны өтті

13.12.2019, 08:23 176

Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Арайлым Есімбекованың айтуынша, Шығыс өңірінде орыс тілді көңілді тапқырлар ойыны, яғни «КВН» кенжелеп келеді. Сол себепті облыс орталығы Өскеменде орыс тілді әзілкештердің байқауы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

– Біздің өңірде орыс тілді көңілді тапқырлар ойыны сәл кенжелеп келеді. Оны қолдау мақсатында үлкен бір байқау өткізуді ойладық. Осы мақсатта облыстық жастар орталығының атынан «Қазцинк» кәсіпорынына хат жолдап, қолдау сұрадық. Жастарға әмәнда демеу көрсете білетін кәсіпорын біздің ұсынысты қуана құптап, қаржылай сыйлық тағайындады. Сонай-ақ кубогі де бар екенін айта кеткен ләзім. Ол ол ма, ең бір тамашасы кәсіпорын өз ұжымдары атынан бір команда да жасақтады, – деді «КВН-ның» ұйымдастырушысы Арайлым Есімбекова.

Байқауға қатысушылар «Қорғалжино» (Нұр-Сұлтан қаласы), «Тұран Университеті құрамасы» (Алматы қаласы), Павлодар қаласының құрамасы (Павлодар облысы), «Альянс» (Семей қаласы), Өскемен құрамасы (Өскемен қаласы), «Голд» (Өскемен қаласы), «Валера» («KAZZINC» ЖШС құрамасы) сынды жеті команда.

– Ресейдің Алтай аймағының әзілкештері ауа райының қолайсыздығына байланысты келе алмады. Әйтпегенде, бүгінгі іс-шараның халықаралық байқау болатын жөні бар еді, – дейді Арайлым Есімбекова.

Жастар жылы аясында биыл республика көлемінде форум, флешмоб және ойын-сауық шаралары көптеп өткені анық. Бүгінгі «КВН-ның» да солар секілді атаулы жылға арналғаны анық. Бұған әдеттегідей осындай көңілді концерттер мен әдемі кештердің басы-қасынан табылатын билік өкілдері қазылық етті. Олар: облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ирина Смит, «Нұр Отан» партиясының Шығыстағы филиалына қарасты «Жас Отан» жастар қанатының төриесі Маржан Бахыт, Өскемен қалалық мәслихатының хатшысы Александр Светаш және «Қазцинктің» әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев пен тәжірибелі жайдарманшы Дмитрий Портянин.

– Әзіл-оспақсыз өмірдің мәні жоқ. Ол бейне бір астың дәмін келтіретін тұз секілді. Бүгін жастарымыз әзіл-қалжыңның өлмей, біздің ортамызда әлі де жасай беретінін дәлелдеді. Байқау жайына келсек, қазылар алқасы бір ауыздан «Альянс» командасын жоғары бағалады. Семейдің жастары әдемі сықақ, көрнекі би, тартымды спорттық қимылдарымен жан жақты екендіктерін көрсетті. Абайдың топырағы қашанғысынша дарынды өрендерді өсіріп, тәрбиелеп жатыр екен, – дейді байқаудың қолдаушысы «Қазцинк» кәсіпорынының әкімшілік мәселелер жөніндегі орынбасары Андрей Лазарев.

Қазылардың төрағасы тілге тиек еткен «Альянс» командасы байқаудың бас жүлдесін ұтып алды да, 300 мың теңгені қанжығалады. Бірінші орынды астанадан келген «Қорғалжино» (200 мың теңге), екінші орынды Өскемен құрамасы (150 мың теңге), үшінші орынды Павлодар қаласының құрамасы иеленді. Сондай-ақ басқа қатысушы топтар да құрқол қайтпады, әрқайсы 50 мың теңгенің сертификатын алды. Тағы бір айта кетерлігі, байқаудың үздік ойыншысы «Голд» құрамасының мүшесі Елдар Дайырбеков атанды. Оған да 100 мың теңге сыйақы табысталды.
Бас қаладан келген «Қорғалжино» командасының мүшесі Саян Шәріп ойыннан кейінгі әсерін айтып берді. Бұл команда Мәскеуде дәстүрлі түрде өтетін халықаралық «КВН» байқауына республика атынан бірнеше рет қатысқан болатын.

– Әзілді аудиторияның ыңғайына қарай жазамыз. Нұр-Сұлтан, Мәскеу секілді мегаполистер саяси тақырыптарды ұнатады. Бірақ бұл тақырып шағын қалалардың көрермендеріне өте бермейді. Өскеменге де солай. Мұндағы қауымға күнделікті өмірден алып арнайы дайындаған эпизод, риясыз күлкі үшін жазылған әзілдеріміз ұанаған секілді, – дейді астаналық жайдарманшы.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу