ШҚО-да "Рухани жаңғыру» бағдарламасының үздіктері анықталды
Өскемен қаласында «Рухани жаңғыру» өңірлік орталығының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» - Мәңгілік елдің болашағы» атты облыстық фестиваль өткен болатын, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Фестиваль аясында бағдарламаны жүзеге асырушы жобалық штабтардың жұмысын жоспарлау бойынша семинар, практикалық сағаттар, арнайы көрме жұмыстары ұйымдастырылды. Іс-шараға келген қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, жобалық штабтардың басшылары мен мамандары өзара пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті.
– Үшінші жыл қатарынан қоғамдық сананы жаңғырту бойынша Елбасының бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл қоғамды, халықтың барлық топтарының өкілдерін біріктіруге мүмкіндік берді. Бүгін біз өткен жылдың қорытындысын шығарамыз. Фестиваль үздік тәжірибелерді тарату, тәжірибе алмасу, өңірлік жобалау штабтарының имиджін нығайту мақсатында өткізіліп отыр. Бағдарламалық мақалаларды әдістемелік және жобалық қолдау үшін өңірде «Рухани жаңғыру» орталығы құрылды. Жобалық штабтар ұйымдастырушылық, ақпараттық және жобалық қызметке белсенді қатысады, - деді өз құттықтау сөзінде ішкі саясат басқармасының басшысы Ирина Смит.
Басқарма басшысы облыс әкімі орынбасары Әсем Нүсіпованың атынан жыл үздіктерін марапаттады.
"Үздік жоба» номинациясында үздік танылғандар:
- облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Шығыс Қазақстанның көне қазынасы» жобасы;
- Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-нің «Үлкен Алтай мұражайы» жобасы;
- облыстық білім беру басқармасының «Менің мектебім» жобасы;
- облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Ертіс музыка әлемі» жобасы;
- облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының «Шығыс Қазақстанның інжу-маржаны» жобасы.
«Үздік жобалық штаб» номинациясында Риддер, Алтай, Семей қалаларының, Шемонаиха мен Тарбағатай аудандарының жобалық штабтары үздік танылып, жетекшілері арнайы кубоктармен және алғыс хаттармен марапатталды.
«Үздік менеджер» номинациясында Семей қаласынан Айдар Абдулхамитов, Жарма ауданынан Гаухар Уәлиева, Күршім ауданынан Роза Тлеубаева, Бесқарағай ауданынан Қырмызы Есімбекова, Аягөз ауданынан Гүлжан Сайболатова, Бородулиха ауданынан Медет Жайдарбеков жеңімпаз атанды.
«Үздік «Рухани жаңғыру» кабинеті» номинациясында Семей қаласының Шәкәрім атындағы көп салалы гимназиясы бас жүлдені иеленді. 1-ші орынға Аягөз қаласының 5 жалпы білім беретін мектебі мен Ұлан ауданы Ізғұтты Айтықов ауылының Қасым Қайсенов атындағы мектебі, 2-ші орынға Шығыс Қазақстан техникалық гуманитарлық колледжі мен Алтай ауданының мектеп-лицейі, 3-ші орынға Үржар ауданы Тұрағұл Қоңыр атындағы мектеп-балабақшасы мен Катонқарағай ауданындағы Өрел орта мектебі ие болды. Мазмұны бойынша Ұлан ауданы Таврия орта мектебіндегі кабинет үздік деп танылды.
Фестиваль соңы әдемі концертке ұласты.