KZ
Өскемен
+10°
пасмурно жел 6 м/с, СБ
441.66 475.14 4.86

Намаз оқып жүріп, теріс әрекеттер жасайтын тұлғалар да болады

29.11.2019, 06:04 173

Өскемендегі облыстық драма театрында Халифа Алтай атындағы мешіт ұжымының ұйытқы болуымен «Рухани құндылықтар – ел бірлігінің негізі» тақырыбында рухани форум өтіп, онда Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы – «Жеті рухани қазықтың» қоғамдағы негізгі мақсаты мен маңызы өңірдегі қауымға жан-жақты насихатталды.Маңызды рухани іс-шараға мемлекеттік мекемелер басшылары, қалалар мен аудандардағы бас имамдар, қоғамдық ұйымдар өкілдері, зиялы қауым, ақсақалдар және жастар қатысты.
Жиында «Рухани жеті қазық» және адами құндылықтар тақырыбында ой бөліскен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының уағыз-насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Батыржан Мансұровтың айтуынша, бұл жеті қазық дәл қазіргі уақытта біздің қоғамға, оның ішінде дәстүрлі дінімізді жат пиғылды өзге ағымдармен шатастырып жүрген жастарымыз үшін өте қажет дүние.
Мұндағы көрсетілген дүниелердің барлығы да мемлекетіміздің саясатымен, Президенттің айтқан тапсырмаларымен ұштасатын, елдің бірлігін, қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ететін, елдің, қазақтың мүддесіне қызмет ететін тұғырнамалық құжат болып табылады. Сондай-ақ «Жеті қазықтағы» тағы бір ерекшелік, мұнда тек намаз оқу, қажылыққа бару секілді діни парыздарды орындау жағы айтылып қана қоймай, сонымен бірге қазіргі қоғамдағы тым жұтаңданып кеткен рухани құндылықтардың орнын толтыру, адамгершілік қасиеттерді жастар бойына сіңіру мәселелері де орынды көтерілген.
Батыржан Берденұлы өз сөзінде аталған тұғырнаманың әр бағытына кеңінен түсінік беріп, Ислам дінінде мұсылман баласын ізгілікке, адамгершілікке жетелейтін асыл қасиеттердің көптігіне тоқталды.
– Атап айтар болсақ, шынайы мұсылман – дін талаптарына бекем, жүрегі таза, рухани тұрғыдан жан-жақты жетілген тұлға болуы тиіс. Намаз оқып жүріп, теріс әрекеттер жасайтын тұлғалар да болады. Оларды нағыз мұсылман деуге болмайды. Ислам этикасы – көркем мінез-құлық нормалары мен имандылық, отаншылдық, білімділік, ауызбіршілік, еңбекқорлық, мәдениеттілік, әділдік сынды рухани құндылықтардан құралады. Бүгінгі қоғамның мұсылмандары ислам этикасын, ондағы адами құндылықтарды ұстана білуі тиіс. Осындай тәлімі мол тұғырнамалар арқылы қоғамдық тұрақтылық сақталып, рухани кемелдену жүзеге аспақ, – деді Батыржан Мансұров.
Сондай-ақ ол қазіргі қоғамдағы діни ахуал жағдайында ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, имани құндылықтарды дамытудың маңызы үлкендігін атап көрсетті.
– Көп жұрт молда мен имамды шатастырады. Қазір біздің діни басқарма молдалардың діни сауаттылығын тереңдетіп, имам деңгейіне жеткізуді қолға алды. Нақтысында «Рухани жеті қазық» Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жұмысының жаңа бір белесі болып отыр, – деген Батыржан Берденұлы барлық имамдар өз аймағында насихат жұмысын күшейту керектігін жеткізді.
Форумда мұнымен қатар кешегі кеңестік заманда жоғалған рухани құндылықтардың орнын толтыру, мектептерде, жас буын арасында ислам дінін жеткілікті насихаттау, жастарды мемлекеттік тілде сөйлету, ұлттық дәстүрлі тәрбиені дамыту, техника бірінші орынға шыққан жаһандану заманындағы қазақ халқының келешегі жөнінде Әлібек Қаңтарбаев, Манарбек Мұхамеджанов, Түсіпхан Түсіпбеков, Шәкерхан Әзмұханбетов, Бағдат Мүрсәлімов, Әлібек Нұрмұхамедов секілді өңірге белгілі азаматтар өз ойларымен бөлісіп, нақты ұсыныстар айтты.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив