Семейдегі Мәншүк Мәметованың ағаш мүсіні елдің күлкісін келтірді
Жуықта Семейдегі Жеңіс саябағына қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың ағаш мүсіні қойылды. Игі іс екен. Алайда мүсіннің сырт пішіні адамдардың күлкісін келтірсе, кейбіреудің, тіпті, ашуын тудырған көрінеді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі Arnapress.kz сайтына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде бұл туындыға қатысты «Ұсқынсыз мүсін», «Көркемөнер кеңесі қайда қарап отыр?», «Мынаны қоюға кім рұқсат берген?», «Мәншүк Мәметова суреттерде, кинда өте сұлу етіп көрсетілген, ал мынау не?», «Мазақ қылғандай, ағаштан жасап қойыпты» деген пікірлер айтылуда.
Қалалық әкімдік шағын мүсіндер бойынша жобалардың бюджеттік емес қаражат есебінен жүзеге асырылатынын айтып, ақталғандай болды.
- Жобаны жүзеге асыруда Ұлы отан соғысының тақырыбы, мүсіннің материалы мен оны өңдеу техникасы ескерілмеген болар, - деп түсіндірді қалалық әкімдікте.
Мүсіннің авторы Юлия Куртунованың сөзінше, саябаққа ағаш мүсіндер қою – бұл қала әкімі Ермек Салимовтың бастамасы екен. Ал жобаның құны туралы автор ашып айтпады.
- Қымбат емес деп айта аламын, - дейді Юлия.