KZ
Өскемен
-10°
небольшой снег жел 2 м/с, СБ
523.86 544.34 5.11

Өскемендегі аула клубтарына 100 миллион теңге бөлінеді

7.07.2019, 10:39 141

Облыс орталығындағы аула клубтарының әрқайсысына жергілікті бюджеттен төрт миллион теңгеден бөлінеді. Бұл туралы Өскемендегі Геологическая көшесінде орналасқан 26-шы үйдің тұрғындарымен кездесу барысында облыс әкімі Даниал Ахметов мәлім етті.

Аймақ басшысымен кездесуде аталмыш үйдің тұрғындары өздерін мазалаған бірқатар мәселені ортаға салды. Сондай түйткілді проблеманың бірі деп аталмыш үйдің айналасындағы аумақтың абаттандырылуын айтуға болады. Сонымен қатар жергілікті тұрғындарды мұндағы аула клубы мен маңайдағы жолдардың сапасы да алаңдатады екен. Тағы бір шешімін күттірген мәселе үйдің тікелей өзіне байланысты. Белгілі болғандай, бүгінде алты қабатты тұрғын үйдің бір бөлігі иен жатыр. Оған себеп, осыдан тура 30 жыл бұрын іргесі қаланған үйдің бір блогындағы құрылыс жұмыстары қаржы тапшылығына байланысты соңына дейін жетпей қалған. Нәтижесінде, қазір 110 пәтердің 40-ы қаңырап бос тұр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ол аздай, бәзбіреулер иесіз қалған пәтерлердің құрылыс материалдарын ұрлай бастаған.

– Айналада бір дұрыс балалардың ойын алаңқайы да жоқ. Сол себепті, балаларымыз ешкім тұрмайтын пәтерлерде ойнауды әдетке айналдырған. Тіптен шатырға да шығып кетеді. Бұл қандай қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Бәрінен бұрын балаларымыздың болашағы үшін алаңдаймыз, – дейді «Геологическая 26» кондоминиумының төрайымы Гауһар Ботабаева.
Ал кезінде жекеменшікке өтіп кеткен тұрғын үйдің бүгінгі иесі бұл істі өздігімнен соңына дейін жеткізе алмаймын деп отыр.
Мәселенің мән-жайымен танысқан аймақ басшысы түйткілдің түйінін тарқатуға болатынын, бірақ аталмыш іске ең алдымен үй иесі мүдделілік танытуы керек екенін жеткізді. Ол, сонымен қатар аталған үйдің айналасын абаттандыру жұмыстары биылдан қалмай тындырылуы тиіс екенін айтып, қала әкімі Ж.Омарға тиісті тапсырма берді.

– Бұл жерде балалардың ойын алаңқайы мен футбол алаңы бой көтереді. Сонымен қатар іргедегі жолдарды қалпына келтіру, көшелерді жарықтандыру сияқты мәселерді назардан тыс қалдырмаймыз. Бұл жерде жөндеуді қажет ететін аула клубы да бар екен. Оны да жөнге келтіреміз. Жалпы, Өскеменде аталмыш бағытта атқарылар жұмыс көп. Қалада дәл осындай 25 аула клубы бар екен. Оның әрқайсысына төрт миллион теңгеден көмек береміз. Сонда бюджеттен шамамен 100 миллион теңге бөлінбек. Бұл қаражат нысандарды жөндеу бағытына жұмсалуы тиіс. Аталған шаруаны өз беттеріңізбен тындыруларыңыз керек. Қыркүйек айында бұл жерге қайта келіп, атқарылған жұмыстың нәтижесін тексеремін, – деді аймақ басшысы.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу