ШҚО-да мал бордақылаудың жаңа тәсілі: Қораға қамамай, ашық жерде ұстау
«Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудағы жарқын жобаларды Көкпекті ауданынан кездестіруге болады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Соның бірі – Көкжайық ауылындағы бес мың басқа арналған мал бордақылау алаңы. Көкпекті ауданына жасаған іссапар аясында аймақ басшысына шаруашылықтың соңғы жетістіктері таныстырылды.
– Біз қазақтың ақбас сиырынан және ангус тұқымынан құралған бес мың басқа арналған бордақылау алаңын салып жатырмыз. Бұл жыл бойына арналған кешен болмақ. Оның құрамында жемшөп базасы және бірнеше бірыңғай бокстар болады. Ең бастысы, біз бұған дейін қалыптасқан мал бордақылау қағидасынан бас тартып, малды қораға қамамай, ашық жерде ұстаймыз. Жемшөп үстелін желден қорғауға, сол арқылы малдың төбесі жабылатын ашық аумақта еркін жүруіне мән береміз. Мал семіртуде өзімізге қажетті кеңестердің бәрін америкалық достарымыздан үйреніп келдік, – дейді «Елім-ай» агроөнеркәсіптік кешенінің директоры Болат Бекбердинов.
Америкалықтардан үйренген тағы бір әдіс ол – суды сегіз градусқа дейін жылыту. Сонда жылы су ішкен мал оған кетіретін энергиясын бойына жинап, семіре түседі. Атап өтерлігі, шаруашылық тек асылтұқымды малды ғана өсірмек. Себебі, асыл тұқым тез салмақ қосады. Ол үшін де арнайы жабдықтар алынған. Бүгінгі таңда мұндағы үлгілі тәжірибе мен кешеннің эскизді жобасы облыстың ірілі-ұсақты шаруашылықтарына таратылып, тыныстырылуда.
Аймақ әкіміне бұлардан бөлек осы мақсатқа пайдаланылмақ ниетте алынған соңғы үлгідегі шетелдік ауылшаруашылық техникалары да таныстырылды.
– Бәрі бірден бола кетпейді және ешкім әкеліп те бермейді. Осы шаруашылық сияқты үздіксіз еңбектеніп, жаңа технологияларды, заманауи жобаларды өндіріске енгізу керек. Сонымен бірге өнім көлемін ұлғайтумен шектелмей, экспорттық әлеуетке де баса мән беру қажет. Мәселен, болашақта осында семіртілген малдарды көршілес Қытай еліне де өткізу мүмкіндігін қарастыру қажет, – деді Даниал Ахметов.