Алтай ауданында 600 бас сиырға арналған ферма кеңейтілуде
Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданы Чиркаин ауылында сүтті мал шаруашылығын дамыту мақсатында «Средигорное-2» ЖШС 600 бас сиырға арналған сүт-тауар фермасын кеңейту жобасын жүзеге асыруда.
Жобаның жалпы сомасы 695,0 млн теңгені құрады. Қаржы Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 2,5% жеңілдікпен берілді. Несиелік қаражаттың шамамен 30%-ы МТФ жабдықтарын, валкожасағыштарды, дискілі шөп шабатын машиналарды, пресс-жинағыштарды және таразыларды сатып алуға жұмсалды.
Қаржының негізгі бөлігі симментал тұқымды 350 бас қашар сатып алуға бағытталды. Жеткізуші – Германияның ZVE Zuchtvieh-Export GmbH компаниясы. 2024 жылдың 3 желтоқсанында симментал тұқымының алғашқы 95 басы жеткізілді. Қалған 255 басы 2025 жылдың наурызына дейін жеткізіледі деп жоспарлануда.
Аудан әкімі Ренат Құрманбаев Средигорное ауылына барып, «Средигорное-2» ЖШС басқарушысы Леонид Абовичпен кездесті. Аудан әкімі мал шаруашылығын дамытудың стратегиялық бағыты отандық өндіріс есебінен халықты жоғары сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету және азық-түлік тәуелсіздігіне қол жеткізу болып табылатынын атап өтті.
-Алтай ауданының, атап айтқанда Средигорное ауылының қолайлы табиғи-климаттық жағдайлары мал шаруашылығын дамыту үшін үлкен әлеуетті мүмкіндіктерді анықтайды. Осы мақсатта біз 350 бас симментал тұқымды қашар сатып аламыз, олардың 95-і жеткізілді. Сондай-ақ, шаруашылықта өз шикізатынан құрама жем өндіру цехы ашылды,- деді «Средигорное-2» ЖШС басқарушысы Леонид Абович.