Шығыс Қазақстанда газдандыру жұмыстары қалай жүзеге асырылуда?
ШҚО-да газдандыру жұмыстары қарқынды түрде жалғасып, аймақ тұрғындарын орталықтандырылған газбен қамтамасыз ету жұмыстары атқарылуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазіргі күні Шығыс Қазақстан облысы халқының 3,25%-ы орталықтандырылған газбен қамтамасыз етілген. Бұл процесс 2015 жылы Зайсан ауданындағы «Сарыбұлақ» кен орнынан газ тарту арқылы басталған болатын. Бүгінде Зайсан ауданының 10 елді мекені, яғни Зайсан қаласы мен Қарабұлақ, Кенсай, Қайнар, Айнабұлақ, Жамбыл, Когедай, Шалқар, Қаратал, Үлкен Қаратал ауылдарының тұрғындары орталықтандырылған газбен қамтылған. Бұл газдандыру жобасы арқылы 23,6 мың адам көгілдір отынмен қамтылды.
9 жыл ішінде газбен жабдықтау жобаларын іске асыруға 4283,7 млн. теңге жұмсалған, оның 3515,8 млн. теңгесі республикалық бюджеттен, ал 767,9 млн. теңгесі облыстық бюджеттен бөлінген.
Зайсан ауданындағы қалған елді мекендерді газбен жабдықтау жұмыстарын жоспарлау кен орнындағы қосымша газ қорлары нақтыланғаннан кейін жүзеге асырылатын болады. Сонымен қатар, Тарбағатай ауданында газ барлау жұмыстары жүргізілуде. 2019 жылдан бері «Маңырақ» ЖШС Ақмектеп пен Шеңгелді ауылдары арасында газ қорларын барлап жатыр. Бұл жұмыстардың алты жылдық келісім-шартқа негізделгенін атап өткен жөн.
Облысты газдандыруды дамытуда Қазақстан Республикасы Үкіметі мен «Газпром» компаниясы арасындағы келісім маңызды рөл атқарды. Сондай-ақ, аймақтың газдандыру схемасы жаңартылып, қажетті газ көлемі 2,03 млрд м³ деңгейінде анықталды. Қазіргі уақытта Ресейден газ жеткізу мәселесі бойынша ҚР Энергетика министрлігімен келіссөздер жүргізілуде.
Өткен жылы ШҚО-ға 33 838 тонна СМГ бөлінді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 7 298 тоннаға артық. СМГ 22 автогаз құю станциясы арқылы сатылып, 1 литрінің бағасы 84 теңгені құрайды, ал облыс орталығынан 200 км қашықтықтағы елді мекендер үшін баға 89 теңге.
Ай сайын өңірге 3 443,1 тонна газ қажет. Оның ішінде 1 954,4 тоннасы автогаз станцияларына, 206,8 тоннасы өнеркәсіптік кәсіпорындарға, ал 1 281,9 тоннасы үй шаруашылықтарына бағытталады. 2025 жылдың бірінші тоқсанына ШҚО үшін 9 141 тонна СМГ бөлінген.
Жанаргүл Мұқатай
Фото: Нелли Петенева