KZ
Өскемен
-8°
небольшой снег жел 17 м/с, З
527.58 546.15 5.29

Дүниежүзілік банк ШҚО-дағы инвестжобаларды қолдауға дайын 

Бүгін, 14:43 69 Төлеуғазы Жансая

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде Дүниежүзілік банк өкілдерімен өткен кездесуде қалалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Аталған жобалар жол жүйелерін, коммуникацияларды және халықтың жайлы өмір сүруін қамтамасыз ететін басқа да инфрақұрылым элементтерін қамтиды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Дүниежүзілік банктің урбанизация мәселелері жөніндегі аға маманы Мұхаммед Нада атап өткендей, ұйым заманауи инфрақұрылымы өркендеген, тұрғындарға ыңғайлы қалаларды дамытуға мүдделі. 

– Біз инклюзивті қалалар құруға ұмтыламыз, олар әртүрлі жас ерекшеліктері, жынысы және қажеттіліктері бар адамдарға қолайлы болуға тиіс. Климаттық сынақтарға төзімділікке ерекше назар аударамыз. Төзімділік – бұл тек қаржылық тұрақтылық қана емес, болашақ ұрпақтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған ұзақ мерзімді даму, – деп атап өтті ол. 

Кездесу барысында цифрландыру, логистика, экологияны жақсарту, сондай-ақ өңірдегі су және жылу жүйелерін жаңғырту салаларындағы жобалар ұсынылды. 

Энергетика басқармасының басшысы Нұрлан Рамазановтың айтуынша, тек жылу жүйелерін жаңғырту бойынша 183 миллиард теңге сомасына 60 жоба жоспарланған. Олардың аясында жаңа жылу электр орталығын салу, модульдік қазандықтарды реконструкциялау және құру, сондай-ақ Өскемен, Риддер, Алтай қалаларындағы және облыстың басқа да аудандарындағы ескірген жылу магистральдарын ауыстыру қарастырылған. Қазіргі уақытта өңірдегі жабдықтар мен жылу желілерінің тозу деңгейі орта есеппен 60%-ды құрайды. Жүйені жаңарту жеке секторды орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосуға мүмкіндік береді. Бұл, өз кезегінде, экологиялық жағдайды жақсартып, жеке үйлерді жылытуға сапасыз көмірді пайдалануды болдырмауға септігін тигізеді. 

Сонымен қатар Есенберлин мен Жібек Жолы даңғылдарының қиылысында жаңа жол айрығын салу перспективалары қарастырылды. Бұл жобалар көлік қозғалысын айтарлықтай жеңілдетіп, қала тұрғындарының жол жүру уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. 

– Өскеменнің логистикалық әлеуеті, сондай-ақ Зайсан мен Катонқарағайда әуежайлар салу ірі жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады, – деп атап өтті облыс әкімі Ермек Көшербаев. 

Дүниежүзілік банк өкілдерінің айтуынша, ұсынылған жобалар олардың өмір сүруге қолайлы және тұрақты қалалық орта құруға бағытталған көзқарасына толық сәйкес келеді. Енді тараптар барлық мәселелерді егжей-тегжейлі қарастырып, ынтымақтастықты нығайтуға ниетті. 

Естеріңізге сала кетейік, Дүниежүзілік банк – экономикалық дамуды қолдау, кедейлікті азайту және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін несие мен гранттар беретін халықаралық қаржылық ұйым. 

Ержан Әбіш

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу