Үйдің ауласында шлагбаумның тұрғаны заңды ма?
– Өскемендегі Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы бойындағы 1/1 ғимарат пен 2-ші үйдің екі ортасына көлікпен кіріп-шығуың мұң. Өйткені 2-ші үйдің ауласының кіреберісіне де шлагбаум қойып тастаған. Ал 1/1 мекенжайына, яғни «Даниель» сауда үйінің тұрағына кіріп, қайта айналуың үшін ақы төлеуге міндеттісің. Сұрағым, даңғыл бойындағы 2-ші үйдің ауласында тұрған шлагбаум қаншалықты заңды?
Мерхат Қайратұлы,
Өскемен
Сауалға Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Тамара Рақымжанова жауап береді:
– Тұрғын үй мен аула аумағы Өскемен қаласы әкімдігінің 2001 жылғы 9 шілдедегі №5664 шешіміне сәйкес жеке жалпыүлестік меншік құқығында кондоминиум қатысушыларына берілген.
Ал кондоминиум аумағына шлагбаум қою сол кондоминиумның барлық қатысушыларының шешімі бойынша іске асырылады. Тек, өртке қарсы талаптар сақталып, арнайы көліктер (жедел жәрдем, өрт сөндіру машинасы, такси және т.б.) еркін өтуі қамтамасыз етілуі тиіс.
«Даниель» сауда үйінің артындағы қоршалған аумақ Өскемен қаласы әкімдігінің 2016 жылғы 7 қарашадағы №2978 қаулысы бойынша жалдау құқығына сай «DANIEL супермаркеті» ЖШС-іне тиесілі.
Бұл жер телімінің мақсаты – «Даниель» супермаркетіне қызмет көрсету. Телім нақты сауда орталығына келетін автокөліктердің тұрағы үшін қолданылып келеді.