"Абай даңғылында абай болыңыз" Аулаға жаңа жол белгісі орнатылды
Енді көлігіңізді Абай даңғылы бойындағы 1-ші үйдің ауласына қоя алмайсыз. Өйткені жүруге тыйым салатын белгі орнатылды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Осы белгіден кейін халық арасында біраз талқылау болды. Тіпті, бейнежазба түсіргендер де бар. Төмендегі бейнежазбаның авторы – Абай даңғылындағы 3-ші үйдің тұрғыны. Айтуынша, қарама-қарсы аулаға кіруге тыйым салынғалы, мазалары әбден қашқан. Өйткені, аула айналасына таксистер мәшинелерін қойып тастаған. Өтетін жер жоқ. Бейнежазбаның астын ашып қалсаңыз, «Сонда таксистер қайда тұрады, неге арнайы орын бермейді?», «Жедел жәрдем мен өрт сөндіру қызметі келсе, не болмақ?», «Өз ауларыңа өздерің кіре алмай жүрсіңдер-ау» деген түрлі пікірлер айтылған.
Жақында қойылған белгіден таяқ жеп жүрген жүргізушілер де аз емес.
– Шыны керек, жаңа белгіні байқағам жоқ, әйтеуір полицейлер кіріп бара жатқанымда тұрған, мәшинемді қойып, шығып бара жатсам, айыппұл деп атып шықты. Сонда қолдарымен белгі көрсетсе болмай ма, әлде мақсаттары халықты қанау ма, – деп күйінді қала тұрғыны.
Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледі демекші, Абай даңғылы, 1-ге қойылып жүрген көліктер енді тура қасындағы 3-ші үйге көшіп алған. Осылайша жаңадан қойылған белгі, халықтың наразылығын тудыруда.