Тоқаев сатып алған туфли қанша тұрады?
Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де қазақстандық кәсіпкерден аяқ киім сатып алғаны туралы жазды. Алтайньюс тілшісі мемлекет басшысының топылайы қанша тұратынын білді.
Аталған компанияның негізін қалаушы және басқарушы директоры – Дәурен Раманқұл есімі азамат екен. Олардың аяқ киім тігу фабрикасы Алматыда орналасқан. Бизнесмен өнімдеріне президенттің өзі қызығушылық танытады деп күтпегенін айтады.
– Біздің аяқ киім туралы «Айқын» газетінде мақала шыққан болатын. Көп ұзамай мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарласып, «Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл мақаланы оқып, жас кәсіпкердің күрделі өндіріспен айналысып жатқандығына қатты қуанды» деді. Сондай-ақ аяқ-киімдердің бірін сатып алғысы келетінін айтты, – деді Дәурен Раманқұл.
Кәсіпкер бірнеше аяқ киім үлгілерінің суретін баспасөз хатшысына жіберген. Президент екі бірдей қара-қоңыр түсті топылайды таңдапты.
– Туфлиді біз Қазпошта арқылы жібердік. Табиғи былғарыдан жасалған аяқ киімнің бағасы 21 мың теңге, өлшемі – 43, – деді кәсіпкер.