KZ
Өскемен
+19°
переменная облачность жел 3 м/с, В
479.05 534.57 5.17

Даниал Ахметов Тарбағатайдағы жарыстың деңгейін көтеруге қатысты ұсыныс айтты

14.06.2019, 10:29 177

Ырғызбай Досқанаұлы атындағы әлемдік гран-при жарысының деңгейі Қырғызстанда өтетін дүниежүзілік көшпелілер ойындарынан кем түспеуі тиіс. Бұл туралы бүгін Тарбағатай ауданына жасаған жұмыс сапары барысында облыс әкімі Даниал Ахметов мәлім етті.

Айта кетейік, ауданға сапары аясында аймақ басшысы облыстық ардагерлер кеңесінің көшпелі отырысына қатысып, Ырғызбай ата кесенесінің қазіргі жағдайымен танысып қайтты. Облыс әкімі, сонымен қатар дәл осы күндері Ақсуатта өтетін қазақ күресінен Ырғызбай Досқанаұлы атындағы әлемдік гран-при додасының ұйымдастырушыларымен кездесіп, жарыстың деңгейін көтеруге қатысты ұсыныс-тілек айтты.

Даниал Кенжетайұлы бұл бәсекенің танымалдылығын әлі де арттыруға болатынын жеткізді.

– Бастамаларыңыз дұрыс екен. Бізге осындай спорттық шаралар өте қажет. Өйткені олар облыс пен жекелеген аудандардың атын шығарып қана қоймай, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулиды. Жарысқа 30-дан астам елдің балуандары келеді деп естідім. Бұл – тамаша көрсеткіш. Осындай нағыз мықтылардың айқастарын көрген балақайлар кейін өздері де салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен айналысуға тырысатыны сөзсіз. Енді Тарбағатайдағы жарыстың форматын өзгерту керек. Аталмыш турнирді дүниежүзілік ойындар түрінде өткізсе деген ұсыныс бар. Әрине, бұл үшін біраз шаруа тындыру қажет. Қаржыландыру жағын да қайта қарауымыз тиіс болады. Осы жұмыстарды еңсере білсек, Ырғызбай Досқанаұлы атындағы дода деңгейі жағынан Бішкекте өтетін дүниежүзілік көшпелілер ойындарынан еш кем түспейтін болады, – деген облыс әкімі енді биыл жетінші рет ұйымдастырғалы отырған жарыстың басы-қасында жүрген азаматтармен бірге бірнеше тың жобаны талқылау қажеттігін айтты.


– «Тұғыры биік Тарбағатай» деген атауға ие мәдени-спорттық фестивалі аясында балуандар жарысынан бөлек, «Туған жерге туыңды тік» халықаралық ақындар айтысы, «Ұлы Дала қазанаты» атты 140 шақырымдық бәйге мен атақты былғары қолғап шебері Қанат Исламның қатысуымен өтетін кәсіпқой бокс кеші ұйымдастырылады. Бір сөзбен айтқанда, көрермен қауым үшін қызықты болар шаралар жетерлік, – дейді фестивальдің өтуіне демеушілік көмек көрсеткен «TasGroup» компаниялар тобының басшысы Дулат Тұрсынұлы.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив