KZ
Өскемен
-8°
туман жел 1 м/с, С
479.23 534.96 5.16

ШҚО-ның бір отбасы Нұр-Сұлтан қаласына барады

25.05.2019, 04:12 117

Елбасының қолдауымен күнтізбедегі мерекелер қатары «Отбасы күні» мерекесімен толыққаны белгілі. Бұл біздің қоғамдағы отбасы ұғымының үлкен мәртебеге ие екенін көрсетеді. Бүгін Өскеменде өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аймақтық кезеңінде облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова байқаудың жеңімпаз отбасыларын марапаттады.

-Отанды сүю отбасынан басталады. Отбасы – бала тәрбиесінің іргетасы қаланатын ыстық ұя. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда кездесетін жас отбасылардың ажырасуы, тастанды балалар, қарттар үйінің пайда болуы, зорлық-зомбылық сияқты қасіреттерді болдырмау үшін отбасы институтын, оның қоғамдағы ролін, құндылықтарын нығайтуымыз қажет, -деді Әсем Бекқызы.

Өңіріміздегі ана мен бала денсаулығын қорғау үшін, оларды жан-жақты қолдау үшін облыста мүмкіндігінше жағдай жасалып жатыр. Алтай, Аягөз, Семей қалаларындағы перинаталды орталықтарды замануи қондырғылармен жабдықтауға қомақты қаражат бөлінген. Облыстағы мектеп жасына дейінгі балалар балабақшамен толық қамтылған. «Менің мектебім» жобасы аясында IT сыныптар мен роботтық техника кабинеттері ашылды. Арнайы өңірлік бағдарлама жасалып, көпбалалы аналар балабақша төлемінен босатылды. Аталған санаттағы отбасылардың балаларына колледжге түсуде басымдық беріледі. Ол үшін облыстық қазынадан үш миллиард теңге грантқа бөлінді. Алдағы бірінші қыркүйектен бастап көпбалалы отбасының балалары тегін мектеп формасымен қамтылатын болды.
«Мерейлі отбасы» биыл байқау алтыншы рет өткізілді. Осы уақыттың ішінде облыстағы 500 үлгі тұтар отбасы байқауға қатысып, өнегелі жанұяның тамаша үлгісін көрсетіпті. Биылғы байқаудың облыстық кезеңіне өңірдің қала, аудандарынан келген тоқсаннан астам отбасы қатысты. Солардың ішінен ерекшеленіп, жеңімпаз атанған жиырма отбасы облыс басшылығы атынан дипломдармен, теледидар, тоңазытқыш, кір жуу машинасы сияқты бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Қатысушы отбасындағы еңбеккерлердің мамандығы да әр түрлі. Бірі саналы ғұмырын білім беру ісіне арнаған майталман ұстаз болса, енді бірі білікті дәрігер, әскери қызметкер, құқық қорғаушы бола жүріп, балаларына саналы тәрбие берген ата-аналар. Әр отбасы өзінің жетістіктерімен ерекше. Сондықтан үздіктерді таңдауда қазылар алқасына да оңай болмады.

Байқау жеңімпазы атанған Мұқаевтар отбасы - Жарма ауданының мақтанышы. Бес баладан 14 немере сүйіп отырған ерлі-зайыптылардың бақытты отбасын құрғандарына 45 жыл толыпты. Отағасы Момыш Мұқаев туған ауылында өмір бойы механик, киномеханик, автоклуб меңгерушісі болып еңбек еткен. Ал өмірін шығармашылыққа арнаған отбасының ұйтқысы Наталья Аубакирова ауылдық округтегі көркемөнерпаздардың музыкалық жетекшісі. Мәдениет саласындағы көп жылғы еңбегі және ауыл мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін Елбасының Құрмет грамотасымен марапатталған. Наталья Аубакирова жетекшілік еткен «Қала қарлығаштары» оркестрі Украина Жоғары кеңесінің Құрмет грамотасымен де марапатталыпты. Жарық ауылдық округінде ұлттық аспаптар оркестрінің, «Әжелер», «Жеңеше-ай», «Әкелер әуендері» ансамбльдерін ұйымдастырып, жетекшілік етті.

Байқаудың жүлделі екінші орнына ие болған Черкашиндер отбасы. Отасқандарына жиырма жыл болған Дмитрий мен Евгения 12 бала тәрбиелеп отыр. Он баласы әлі кәмелеттік жасқа толмаған, ал екі баласы қалаған жоғары оқу орындарында грантпен оқиды. Отанасы Евгения Черкашина «Алтын алқа» иегері.

Жас отбасыларға үлгі болатын тату жанұялардың бірі – Ұлан ауданында тұратын алты балалы Жұмашевтар отбасы жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Шаруа қожалығымен айналысатын отағасы Ділмұрат Жұмашев ауданға тұрақты демеушілік көрсетіп отырады.

Байқау жеңімпазы атанған Мұқаевтардың шығармашылық отбасы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Мерейлі отбасы-2019» ұлттық байқауына жолдама алды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив