KZ
Өскемен
-9°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, СШ
498.34 519.72 4.85

Өскеменде шахмат үйі болуы тиіс – облыс әкімі

22.05.2019, 15:23 196

Өскемендік жас шахматшылар аядай екі бөлмеге «сыйып» отыр. Бұл туралы бүгін облыс әкімінің қабылдауында болған бапкер Алмагүл Чакеева айтып, аймақ басшысынан балғын шахматшыларға жеке ғимарат алып беруге көмектесуді сұрады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Айта кетейік, бүгінде Алмагүл Чакееваның шәкірттері облыс орталығында орналасқан кәдімгі көпқабатты үйлердің біріндегі екі бөлмелі пәтерде жаттығуға мәжбүр. Алайда осынау жайт та өскемендік шахматшылардың жоғары нәтиже көрсетулеріне кедергі болар емес. Білікті бапкерден тәлім алып жатқан балақайлар берісі облыстық, арысы республикалық сайыстарда үздіктер қатарынан көрініп жүр. «Енді ғимарат мәселесі шешімін тапса, нұр үстіне нұр болар еді», – дейді Алмагүл Манапқызының өзі. Осы ретте Алмагүл Чакееваның да шахматшы ретінде қол жеткізген жүлделері аз емес екенін айту керек. Мәселен, ол 2018 жылы Филиппинде өткен Азия чемпионатында топ жарған-ды. Бүгінде өскемендік бапкер халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие.

– Шүкір, шәкірттен кенде емеспіз. Арасында жас та болса айтарлықтай жетістікке жетіп үлгергендері де бар. Енді осы балалардың жеңісін көргім келеді. Шәкірттерім мен жеткен белестерді бағындырып, одан да биік шыңдарға көтерілсе деймін. Бұған қай-қайсысының да әлеуеті жетіп тұр. Бізге тек жаттығатын жеке ғимарат, әйтпесе кең зал қажет. Оған қоса шахмат үстелі сияқты керек-жарақтардан да таршылық көріп отырған жайымыз бар. Осы жағынан көмек көрсетсеңіз, – деген бапкер Павлодар қаласында арнайы шахмат үйі бар екенін айтып қалды.

Бұған облыс әкімі кезінде ол ғимараттың тұсаукесеріне өзі де қатысқанын айтып, Өскеменде де мұндай нысан ашуға болатынын жеткізді.

– Атқарып отырған қызметіңіз өте маңызды. Еңбегіңіздің жемісін алдағы уақытта да көре беруіңізге тілектеспін. Ал енді ғимарат мәселесіне келсек, мен қала басшылығы мен спорт басқармасына бұл жөнінде тиісті тапсырма беремін. Екі бөлмелі пәтерде отырғандарыңыз жөн емес. Сіздерге «Ертіс концерт» ғимаратынан немесе басқа бір жерден кең әрі жарық бөлмелер, қажет десеңіз зал бөліп береміз. Керек-жарақтарыңызды да алып береміз, – деді облыс әкімі.

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу